Triangle шиналарының дистрибьюторы SAN tyres Алматы облысында жаңа логистикалық орталықты іске қосты

 

Triangle шиналарының дистрибьюторы – SAN tyres компаниясы Алматы облысында шина сақтауға және таратуға арналған SAN Baiserke логистикалық орталығын ашты. Жаңа кешен көлемі мен қуаты жағынан ТМД аумағындағы ірі мамандандырылған логистикалық нысандардың бірі болып отыр.

Жобаға жалпы 8 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Оның 3,5 млрд теңгесі қазірдің өзінде игерілді. Қалған қаржы инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, SAN Village тұрғын үй кешенін және қосымша нысандарды салуға жұмсалады.

Логистикалық орталық жыл сайын 3,5 миллионға дейін автокөлік шинасын қабылдауға, сақтауға және қажетті бағыттарға жөнелтуге қауқарлы. Орталықтың іске қосылуы өнімді Қазақстанның барлық өңіріне, Орталық Азия мемлекеттеріне және шетелдік нарықтарға үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.

SAN Baiserke хабы 22,6 гектар аумақты алып жатыр. Кешенде заманауи сақтау қоймалары, қайта өңдеу зауыты, әкімшілік кеңселер, сауда және сервис орталығы жұмыс істейді. Логистикалық операциялардың бір жерде шоғырлануы тауар айналымын жеделдетіп, жеткізу тізбегінің тиімділігін арттырады.

Компания қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастырумен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға да инвестиция салған. Мұнда 180 адамға арналған жатақхана, асхана, кітапхана, демалыс бөлмелері және спорт алаңы бар. Бұдан бөлек, 12 мың шаршы метр аумақта саябақ қарастырылған.

Жобаның келесі кезеңінде қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған **SAN Village** тұрғын үй кешені бой көтермек. Болашақта балабақша ашу да жоспарланған.

SAN tyres Қазақстан нарығында 20 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы кезеңде компания 14,5 миллионнан астам шина сатқан. Жыл сайын бюджетке 10 млрд теңгеден астам салық төлейді.

Жаңа орталықтың ашылуы өңірдегі логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп қана қоймай, өнім жеткізу уақытын қысқартуға және сауда байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.