ҚАЗСТА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН СТУДЕНТТЕРІН ҰЛЫҚТАДЫ

 

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өткен ХХ Азия ойындарында ел намысын қорғаған Қазақ спорт және туризм академиясының студент-спортшыларына Академияда құрмет көрсетілді.

19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен ХХ Азия ойындарына Азияның 45 елі мен аймағынан спортшылар қатысып, құрлықтың ең ірі спорт додасында бақ сынады.

*Ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген спортшыларға тұрақты қолдау көрсету – Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Қайруллаұлы Закирьяновтың басты назарындағы бағыттардың бірі.*

*Азиада-2026 додасында ҚазСТА студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль қосты.*

*Солардың қатарында таеквондошы Тамирлан Тілеулес пен семсерлесуші Кирилл Проходов Азия ойындарының чемпионы атанды. Тамирлан Тілеулес таеквондодан тарихи жеңіске жетсе, Кирилл Проходов семсерлесуден Қазақстан құрамасының сапында алтын медаль иеленді.*

*Ал Алижан Аблагатов ушу-саньдадан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Оның бұл медалі Қазақстан үшін аталған спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы жүлде болды.*

*Академия Президенті Қайрат Қайруллаұлы Закирьянов студент-спортшылардың жетістігін жоғары бағалап, Тамирлан Тілеулес пен Алижан Аблагатовқа ректор грантын табыстады. Бұған дейін ақылы бөлімде білім алып келген қос спортшы енді оқуын тегін жалғастырады.*

Бұл шешім – ҚазСТА-ның спорттағы жетістікті біліммен ұштастыруға, талантты жастарды қолдауға және олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға бағытталған нақты қадамы.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – қазақ боксының даңқты өкілі, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың Академияға арнайы келуі болды.

*Серік Қонақбаевқа Қазақ спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры атағы берілді. Сондай-ақ оған Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жоғары ордені Геннадий Головкиннің ұсынысымен табысталды.*

Қазақ боксының аңыз тұлғасының Академияға келуі жас спортшылар үшін үлкен мотивация болды. Саналы ғұмырын спортқа арнаған, талай биікті бағындырған Серік Қонақбаевтың өнегелі жолы – бүгінгі студенттер үшін табандылық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

Салтанатты шара барысында джиу-джитсудан Азия ойындарының қола жүлдегері Жібек Құлымбетоваға да алғыс хат табысталды.

ҚазСТА үшін чемпиондарды ұлықтау – тек жеңісті атап өту емес, жас ұрпаққа үлгі көрсету, олардың үлкен спорттағы жолына қолдау білдіру. Бүгінгі жеңістер – студент-спортшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі болса, Академия тарапынан көрсетілген қолдау олардың алдағы биіктеріне берілген сенімнің белгісі.