Алакөл жаңа деңгейге көтеріліп келеді: жағалауда не өзгерді?

Алакөл – Жетісудың туристік брендіне айналған ерекше мекен. Жыл сайын мұнда демалуға келетін қонақтардың қатары артып, жағалаудағы туристік инфрақұрылым да жаңарып келеді. Биылғы маусымда Алакөлге 2 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш курорттық аймаққа деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.

Биыл Алакөл жағалауында туристерге жайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар маңызды жоба қолға алынды. Соның ішінде Ақши ауылындағы кәріз желілерінің құрылысы мен тазарту құрылыстарын дамыту жұмыстары ерекше маңызға ие. Бұл – туристік маусымдағы тазалық мәселесін шешіп қана қоймай, көл экожүйесін қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Жағалаудың қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда демалыс аймағында 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырым қалқыма белгілер желісі және 7 пирс жұмыс істейді. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция мен құтқарушылар тұрақты кезекшілік атқарып, маусым басталғалы 150-ден астам профилактикалық рейд өткізілген.

Алакөлге жету де біршама жеңілдей түсті. Үшаралға Алматы мен Астанадан әуе рейстері ұйымдастырылып, субсидияланған билет бағасы 20 мың теңгеден белгіленген. Сонымен қатар жағалауға қатынайтын пойыздар мен Ақши, Көктұма бағытындағы автобус маршруттары көбейтілді.

Көл жағалауын қорғау бағытында да ауқымды жұмыс бар. Шілде айында Үкімет Алакөл жағалауын қорғайтын 6 шақырымдық қорғаныс бөгетін салуға 3 млрд теңге бөлді. Оның 3,5 шақырымы Ақшиға, 2,5 шақырымы Көктұмаға тиесілі. Бұл жоба жағалаудың эрозиядан қорғалуына бағытталған.

Туризмнің тек демалыс емес, мәдени бағыт ретінде де дамып келе жатқаны биылғы «Алакөл толқыны – 2026» фестивалінен байқалды. Ақши ауылында өткен шараға Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтармен қатар Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан туристер қатысып, жалпы саны 5 мыңнан астам адамды құрады.

Ал жағалаудағы өзгерістерді туристердің өзі де байқап отыр.

«Алакөлге жыл сайын келуге тырысамыз. Биыл жағалаудағы жағдайдың жақсарғанын байқадық. Демалыс орындары көбейіп, қауіпсіздікке де көңіл бөлініп жатыр. Табиғатының өзі керемет, енді инфрақұрылым да соған сай дамып келе жатқаны қуантады», – дейді демалушылардың бірі.

Алакөлдің туристік әлеуетін дамытуға мемлекеттік деңгейде де басымдық беріліп отыр. Өйткені турист саны артқан сайын демалыс орындарының ғана емес, электр энергиясы, кәріз, тазалық, көлік және қауіпсіздік жүйелерінің де қатар дамуы маңызды.

Осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетіп отырған Жетісу облыстық туризм басқармасына алғыс білдіреміз. Сондай-ақ Ақши ауылында орналасқан «Інжу. Алакөл. Ақши» демалыс аймағына қонақжайлығы мен көрсеткен қолдауы үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Бүгінде Алакөл – табиғат аясында демалатын орын ғана емес, инфрақұрылымы жаңарып, туристік мүмкіндігі кеңейіп келе жатқан ірі курорттық аймақ. Миллиондаған туристің таңдауы да оның Қазақстандағы туризм картасындағы орнын айқындай түсуде.