Қыздың аты — қыз ғой, шіркін, қашанда…

  Жаннұр Ғалымбекқызы1991 жылы 9 ақпанда Тарбағатайда дүниеге келген. Болашағынан зор үміт күттіріп жүрген жас ақын.

  Өлеңдері түрлі газет-журналдарда жарияланып, оқырманының ықыласына бөленіп келеді.

          ***       ***        ***

Жапыраққа түніп тұрған шық қайғым,

Дертін ұзақ ортайғанша ұрттаймын.

Мені енді ұмытып кет дедің сен,

Иә, мақұл, тілегіңнен шықпаймын.

 

Көзіңдегі мөлдір моншақ бір қыздың,

Жолына аппақ айды оңынан туғыздым.

Қас қағымда жоғалатын жолақ сап,

Аспаныңнан сөніп тынған жұлдызбын.

 

Туған жердің желпіп өткен самалын,

Түсімдегі ақ жейделі жағалым.

Құшағыңа жақын тұрып соңғы рет,

Келіп еді жанарыңа қарағым.

 

Кінәсі жоқ саған деген тіпті оның,

Жүрегімді үнсіз ғана ұқ дедім.

Бір-ақ сәтте айтылатын хош деуге,

Ауыр болды күзді осынша күткенім.

 

          ***     ***     ***

Көздеріңнен жақұт моншақ жырды үзіп,

Қара түнде сені ойлап тоңамын.

Сағынышын кеудесіне сыйғызып,

Біздің жақта ай осылай толады.

 

Саған қарай сапарға алыс жүрмек боп,

Елесіңді іздей берем сол маңнан.

Қара бояу көз алдымда дірдектеп,

Сені күтіп тұрғандаймын жолдардан.

 

Төзімі осы мендегі бар ақылдың,

Жүрген сайын қамаламын тұзаққа.

Жапырақтар сарғайғанша ақырын,

Қалып қойдың жанарымнан ұзаққа.

         

 ***        ***          ***

Жалғыз тамшы жанарымнан жаралып,

Мен кеткен күн төкті жауын нөсерлеп.

Сөздеріңнің шуағынан нәр алып,

Тұрдым үнсіз қоштасудан от үрлеп.

 

Жалғыз кешкен қараңғылау тағдырдың,

Сәл кешіккен гауһар түсті сыйы едің.

Аспаныңнан себелеген жаңбырдың,

Бұлтына үнсіз жүрегімді сүйедім.

 

Жанарымның жарқ еткізген аспанын,

Мен сағынған сәтте сонда қайда едің?

Сағынышым деп білгейсің асқағым,

Көлгіңнің жаңбыр қаққан әйнегін.

 

Қоштаспайық әлі ерте деп едім,

Уақыт күлді асығыстау еркелеп.

Мен өзіңе сенен бұрын келемін,

Шілдедегі ақ жаңбырдан ертерек.

 

     ***          ***           ***

Мінезіңнің жұпарындай салқын бақ,

Мені өзіне шақырады жарқылдап.

Таңдар ұзақ аялдайды ақырын,

Саған қарай жүрген сайын жақындап.

 

Тауларым мен жанасардай тілсім дем,

Кеудемдегі ұйықтап жатқан бір сыр ең.

Қабағыңнан қалқып атқан таң едім,

Арай төгер жусаныңның иісімен.

 

Басымда аппақ тұрса екен деп мәрмәр күн,

Сенің биік айбатыңа таңдандым.

Сағындым деп айтқым келді ең алғаш,

Жұлдыздарын жасырғанда жауған күн.

Сонау шақтың жалғыз жүрген ізімен,

Қайта оралған сағынышты күзім ең.

Қарғам деген сөздеріңді іздедім,

Тамыздағы жапырақтың жүзінен.

 

    ***       ***          ***

Аяулы еді біз кездескен сол шақтар,

Енді өмірі тілдеспейтін болсақ та.

Кездескен күн тамшы тұрған көзімде,

Қоштасқан түн тағы жаңбыр моншақтап.

 

Бұлбұлы сайрап бал-бұл жанған таңымның,

Бір кездері арайынан табылдың.

Жауa-жауа басылатын түндерде,

Мен де саған өткінші бір жауынмын.

 

Құшағымның отына кеп күйгенің,

Көбелегін аяуды үнсіз үйрендім.

Өкпелеткен жаңбыр емес сен едің,

Бірақ тағы жауын болып үйге ендім.

 

Тағы да мұң, мұңның аты жаңбыр мұң,

Тамшыларын талай түнде ән қылдым.

Өзім ғана жаурап біткен жалғызбын,

Жүрегімнің ішіндегі тағдырдың.

 

  ***     ***       ***

Шексіз бір аңсауға көгенделіп,

Сүркейлі көшелерден келем жеріп.

Күз көшіп бара жатыр бейқам ғана,

Жазылмай қалған тәтті өлеңге еріп.

 

Күз енді сағындырар көпке дейін,

Көбелектер өртенді отқа бейім.

Жел айдап ұшып жүрген жапыраққа,

Бір өлең жазбақ болып тоқта деймін.

 

Жауабын сұрай алмайм өзге кімнен,

Неге құлай берсің өз көгіңнен?

Мезгілдердің тайғанақ тағдырынан,

Жапырақ, шаршадың ба сен де мүлдем……

Айтшы?

    ***      ***         ***

Сабағына сыр жазған емен гүлдің,

Сарғайған сыпдырына елеңдедім.

Өзімшіл сағынышымды кешірсең,

Жапырақ сарғылт тарттым сенен бұрын.

 

Қанатында тербеліп ұшқан гүлдің,

Ауада адасардай құшқан мұңым.

Опасыз тағдырымды алдамақ боп,

Туған жер, алыс кеттім құстан бұрын…

 

Қауырсынын аялап құстың кеше,

Сарпалаң сағынышқа түстім неше.

Мен де бір мекені алыс құс шығармын,

Қалықтап ұша салар ұшқым келсе.

 

Өткен шақ ұсынса егер бізге есебін,

Мезгілдерге мерей күн іздесермін.

Қала ғой, қалғың келсе бұл маусымда,

Жүрегің жаурамайтын күз ғой сенің.

 

 ***      ***         ***

Жүрмін бе әлде аспанға тек ұмтылып,

Мамырда бүрлеп ем ғой, өктем күліп.

Жер құшып құлау қандай ауыр еді,

Сонша асқақ һәм таза бір көкте тұрып.

 

Қанатыма айтар дей ме жақсы тілек,

Қонады көк аспанның ақ құсы кеп.

Көкірегіме әлде кім сезім төгіп,

Тұрады үсінен шашқысы кеп.

 

Алақаныма кетіп еді шер жазып кім,

Жеңілдеп ал, жаза түс, кел қазір түн.

Көзден аққан тамшыңды сүртпе бірақ,

Мендегі жүрегі бар ең нәзікпін.

 

Құлағымда шырқау құстың таңдағы әні,

Көркің солай тойлаған ән қаланың.

Бір тал шық қоншы менің жүзіme, кеп,

Асыралық мәресін таңғы ауаның.

 

    ***         ***         ***

Жарығым-ау, шаттыққа кем көп күннен,

Жаратылған таңғы ауаңды өптім мен.

Сөздеріңнің маздап кетер шоғынан,

Тамыздықсыз жанып кеткен отпын мен.

 

Сосын өзім өртенуге шақ қалдым,

Елестерін күте солғын шақтардың.

Салмағына жерде шыдап тұр екен,

Құшағыма құлап түскен аспанның.

 

Түндерімді күндеріңе жалғаған,

Жанарыңның жылуына таң болам.

Құсың болып таң сәріде ойансам,

Жұпар төгіп, мөлдіреп тұр таңғы ауам.

 

Табалмаспын сырада артық сый бұдан,

Мөлдіретіп шарбатыңды құй маған.

Тағдырымды тарылтқан ғұмырға,

Жалғыз сенің көзің үшін ұрынам.

 

  ***           ***        ***

Мен келгенде күліп тұрған толған ай,

Енді міне, ортақ болыпты ол да оңай.

Түнін сүйдім бұл қаланың әуелі,

Түнге сіңбес мың сырымды қозғамай.

 

Лаулайтын жанарымда шоқ әлсін,

Жанса дағы кеудесінде оты әлсіз.

Қиялыңды қытықтар тек аспаны,

Құсқа айналып ұшсаңдағы қаперсіз.

 

Кафеге де шақырмайды ешкімі,

Қиянатқа бастамайды еш түні.

Таң алдында ақ бұлттан да аппақсың,

Ханшадайсың ертектегі кескіннің.

 

Салқын қарап, шаттығы аз кем көзге,

Сағыныш қой ауыр салмақ жүк өзге.

Жанарыңа жас толарда мөлтілдеп,

Қарсы қарап жүгіресің теңізге.

 

Қыздың аты — қыз ғой, шіркін, қашанда…

 

Қыздың аты — қыз ғой, шіркін, қашанда,

Кеудесіне алтын қойып бақсаң да.

Шаңыраққа ие болып қалатын,

Ұлдың аты — ұл ғой, шіркін, қашанда.

 

Ән сөзi

 

Көктемім едіңдер қарлы,

Алар құсыңды күліп,

Өсейгім келмеген шақта бір сырды бүгіп.

Мектептің алдында анам бидай сататын,

Қолымды төсейтін едім, уысым толып.

 

Тірліктің сол кез тынбайтын мәні,

Жылы жүректер мейір тыңдайтын тағы.

«Қыздың аты — қыз ғой» деп басталатын,

Әкемнің сәл қызғанда шырқайтын әні.

 

Өсейіп кеттім алдымда көп күндер сүйреп,

Балалығымдағы аппақ армандар біртіндеп сиреп.

Құрбыма анам бидай беретін өтінішпенен:

«Жасықтау қызым, ойынға бірге ертіңдерші», — деп.

 

Көтеріп алатын әкем мойнына жылап қалғасын,

Не істедім қазір мен, мен үшін жанған шырақтар үшін?

Кейіндеп мен де ертпей кеттім құрбыларымды,

Мен үшін ана енді ешкімге шырақ болмашы.

 

Аяулы еді сондағы кішкентай қолым,

Қарындасымның әкем ұштайтын көбін.

Қиядан құлап түскен құстың едім,

Қасыңнан енді… кешірші, әке, ұшпайтын болдым…

 

Әлі де азық жаныма сондағы мейір,

Уайымға салдым, бақытқа мүлдем болмадым бейім.

Анамның бидайы секілді таңдайға түскен,

Уысым тәтті күндерге толмады кейін…