Қараусыз қалған ұлттық мектеп. Жұлдыз Сүлейменова ай қарап отыр ма?

Елдің талай дүлдүлін түлеткен, Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай, Дулат Тастекей, Кеңес Дүйсекеев секілді азаматтар білім алған қарашаңырақ — «Абай ұлттық мектебі» бүгінде назардан тыс қалғандай.
Бұл — қатардағы мектеп емес. Қазақстандағы ұлттық мәртебесі бар жалғыз білім ордасы. Руханияттың қарашаңырағы атанған мектепке мемлекеттік деңгейде ерекше қамқорлық қажет еді. Өкінішке қарай, бүгінгі көрініс керісінше әсер қалдырады.
Жаңа оқу жылы директорсыз басталды. Бұрынғы басшының кеткеніне екі айға жуық уақыт өтсе де, жаңа директор тағайындалмаған. Төрт орынбасардың да орны бос. Соңғы төрт жылда мектеп директоры төрт рет ауысқан.
Мұндай тұрақсыздықтың себебі неде?
Мектеп айналасында «министрлік өзіне жақын адамды басшылыққа әкелуге тырысып отыр» деген алаңдаушылық та айтылып жүр. Бұл — міндетті түрде тексеруді қажет ететін мәселе. Егер кадр тағайындау ұлттық мектептің мүддесінен емес, жеке ықпал мен таныстықтан туындаса, онда бұл — білім саласындағы ең соңғы жол беруге болатын нәрсе.
Өйткені «Абай» мектебі — бір шенеуніктің кадрлық эксперимент жасайтын орны емес. Бұл — талай тұлғаны түлеткен, руханияттың тамыры терең қарашаңырағы.
Мәселе мұнымен бітпейді.
Биыл шамамен 10 миллиард теңгеге жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Алайда мектеп пен жатақханада ыстық су мәселесі көтеріліп отыр. Жаңа нысан аумағындағы көгалдар мен жасыл желектердің қурауы да жауапты органдардың жұмысына сұрақ туғызады.
Жақында министрлік жүргізген аудиттен кейін мектепке қатысты шамамен 10 миллиард теңгеге заңбұзушылық бары айтылды.
Алайда мектеп түлектерінің бірі бұл тұжырыммен келіспейді. Оның айтуынша, балансқа толық өткізіліп үлгермеген мүлік те заңбұзушылық ретінде көрсетіліп, мәселе қоғамға тым дабыралы түрде ұсынылған.
Әдейі бұрмаланған ақпараттың артында кім тұр? Ұлттық мектептің абыройына көлеңке түсіру арқылы кім ұтты?
Бір қарағанда, әр мәселе бөлек сияқты. Бірақ бәрін біріктіретін бір нәрсе бар: ұлттық мектепке деген мемлекеттік жауапкершілік қай деңгейде?
Егер министрлік екі ай бойы мектепке тұрақты басшы тағайындай алмаса, төрт орынбасардың орнын толтыра алмаса, жаңа ғимараттағы қарапайым тұрмыстық мәселелерді шеше алмаса, онда қоғамның күмәндануға қақысы бар.
Жұлдыз Сүлейменова ұлттық мектепті шын мәнінде қалай көргісі келеді: елге қызмет ететін ұлттық қарашаңырақ ретінде ме, әлде министрліктің кадрлық шешімдері жүзеге асатын кезекті мекеме ретінде ме?
«Абай» мектебі біреудің «өз адамын» орналастыратын орын емес.
Оған атүсті қарауға болмайды. Өйткені руханияттың қарашаңырағына немқұрайды қарау — бір мектепке емес, сол мектептен түлеп ұшқан талай ұрпақтың еңбегі мен тарихына деген құрметті кеміту.
Автор: Алуа Чайзадина




