ҚазҰУ – дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан білім ордасы

Сапалы білім – саналы ұрпақ тәрбиелеудің, өркениетті ел қалыптастырудың басты кепілі. Осы қағиданы берік ұстанған https://farabi.university әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – шетелден келген қандастарымызға білім есігін айқара ашып, олардың болашаққа деген қадамдарын нық басуына жол көрсетіп отырған бірегей оқу ордасы. Университеттің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті мен ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының негізгі миссиясы – алыс-жақын шетелдерден келген қандас бауырларымызды Қазақстанның жоғары оқу орындарына сапалы даярлау.
Жыл сайын Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, Иран және басқа да елдерден білімге құштар жастар ҚазҰУ-ға келіп, дайындық курсына қабылданады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері шетелдегі қандастарды елге оралтуға бағытталған мемлекеттік саясат табысты жүзеге асуда. Ал сол жастардың Атажұртқа бейімделуі мен білім алу жүйесіне енуіне ҚазҰУ-дың дайындық кафедрасының қосар үлесі айрықша.
Кафедра оқытушыларының басты мақсаты – тыңдаушыларға ұлттық тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді терең меңгерту, алған теориялық білімдерін ҰБТ сынағында жоғары нәтижемен дәлелдеуіне жағдай жасау. Әсіресе шетелден келген тыңдаушылар үшін ең күрделі пәндердің бірі – Қазақстан тарихы. Өйткені бұл пәнмен олар туған елге аяқ басқаннан кейін ғана таныса бастайды. Сондықтан кафедрада Қазақстан тарихын жан-жақты меңгертетін арнайы әдістемелер қолданылады: интерактивті лекциялар, визуалды слайдтар, тақырыптық және мәтіндік тесттер, сараланған тапсырмалар арқылы жан-жақты дайындық жүргізіледі.
Дайындық сапасын арттыру мақсатында тыңдаушылар ай сайын екі рет онлайн, екі рет офлайн сынама тест тапсырады. Бұл жүйе олардың білімі мен қабілетін нақты саралауға, қателіктермен уақытында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр екі ай сайын кафедра ұйымдастыруымен тест орталығында сынама ҰБТ тапсыру дәстүрге айналған.
Тыңдаушылар тек академиялық біліммен шектелмей, кәсіби бағдар беретін іс-шараларға да белсенді атсалысады. Соның бірі – Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған «Білім және мансап» көрмесіне қатысу. Көрме барысында олар жаңа форматтағы тегін байқау сынағын тапсырып, ҰБТ жүйесі жайлы толық ақпарат алды, мамандық таңдау бойынша кәсіби кеңеске ие болды.
ҚазҰУ-да https://farabi.university білім беру санның емес, сапаның көрсеткішімен өлшенеді. Университеттің білім саясаты – тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ–4) талаптарына сай, баршаға қолжетімді әрі сапалы білім ұсынуға бағытталған. Бұл бағытта дайындық кафедрасында білім алып жатқан тыңдаушылардың талпынысы зор, мақсаты айқын: ҰБТ-ны сәтті тапсырып, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарына түсу.
Шетелден келген жас буынның үлкен өмірге бастар жолы – дәл осы дайындық кафедрасында қаланады. Арман жетегінде келген олардың саналы ұрпақ ретінде қалыптасуына сапалы білім, жүйелі дайындық және білімге бастайтын жарқын мүмкіндік – ҚазҰУ қабырғасынан бастау алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ https://farabi.university
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің
оқытушылары: Мужигова Г.М., Қасымова К.А., Әуелханқызы М.




