Инклюзивті білім беру – әр балаға тең мүмкіндік

 

Инклюзивті білім беру – әр баланың сапалы білім алуына, қабілетін дамытуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасайтын маңызды бағыт. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету – бала құқығын қорғаудың ғана емес, қоғамның адамгершілік құндылықтары мен әлеуметтік жауапкершілігін нығайтудың да көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударып, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам баланың білім алуына қажетті жағдай жасау мәселесін көтерді. Осы бағытта білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар даярлау және балалардың жеке қажеттіліктерін ерте анықтау міндеттері белгіленді. Бұл бастамалар инклюзивті білімберудің маңызын арттырып, оны жүйелі түрде дамытудың қажеттігін көрсетеді.

Инклюзияның басты мақсаты – баланы білім беруортасына жай ғана қабылдау емес, оның жеке ерекшеліктерін ескеріп, білім алуына және өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына жағдай жасау. Ол үшін білім беру ұйымдарындакедергісіз орта қалыптастырумен қатар, оқу үдерісін бейімдеу, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және әр баланың қажеттілігіне сай оқыту тәсілдерін қолдану маңызды.Баланың өзін қауіпсіз сезінуі, құрдастарымен еркін қарым-қатынас орнатуы және оқу үдерісіне белсенді қатысуы да білім сапасының маңызды көрсеткіштері болуы тиіс.Инклюзивті білім берудің сапасы ең алдымен педагогтің кәсіби біліктілігіне байланысты. Сондықтан арнайы педагогтерді, логопедтерді, педагог-психологтерді даярлау және мұғалімдердің кәсіби құзыретін тұрақты арттыру – өзекті міндет. Сонымен қатар оқытушыларға әдістемелік қолдау көрсетіп, заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдануға мүмкіндік беру қажет. Өйткені қолжетімді ғимарат пен қажетті құрал-жабдықтар маңызды болғанымен, баланың әлеуетін ашатын негізгі факторлардың бірі – оны түсінетін, қолдайтын және жеке дамуына жағдай жасайтын педагог.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңhttps://farabi.university оқытушылары ретінде инклюзивті білім беруді дамытуда жоғары оқу орындарының жауапкершілігі зор деп есептеймін. Университеттер білікті мамандар даярлап қана қоймай, ғылыми зерттеулер жүргізу, әдістемелік ұсынымдар әзірлеу және білім беру тәжірибесін жетілдіруарқылы да осы салаға үлес қоса алады. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру кезеңінде білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, олардың танымдық, тілдік және әлеуметтік дамуына қолдау көрсету де маңызды. Бұл жұмыста педагогтер мен ата-аналардың өзара ынтымақтастығы ерекше рөл атқарады.

Баланың даму ерекшеліктерін ерте анықтау және оған дер кезінде қолдау көрсету де назардан тыс қалмауы керек. Бұл үшін білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау ұйымдарының өзара байланысын нығайтып, ата-аналарға қажетті ақпарат пен кәсіби кеңес алуға мүмкіндік жасау қажет. Ерте қолдаудың мақсаты – баланы шектеу немесе белгілі бір қалыпқа салу емес, оның қажеттілігін түсініп, дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру.

Инклюзивті қоғам отбасынан және өзара құрметтен басталады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларғатүсіністікпен қарау, олардың құрдастарымен араласуына мүмкіндік беру және кемсітушілікке жол бермеу – баршамызға ортақ міндет. Балаларды бір-бірінің ерекшелігін қабылдауға, өзгеге құрметпен қарауға тәрбиелеу арқылы ғана мейірімді әрі әділетті қоғам қалыптастыра аламыз. Бұл ретте ата-аналарға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету де маңызды.

Инклюзивті білім беру – тек білім саласының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, мамандар мен ата-аналардың бірлескен жұмысы арқылы әр баланың сапалы білім алуына және өз қабілетін дамытуына мүмкіндік жасауға болады.

Әр бала сапалы білім алуға және өз мүмкіндігін жүзеге асыруға құқылы. Баланың дамуына жағдай жасау – оныңболашағына, ал елдің болашағына жасалған маңызды инвестиция.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУhttps://farabi.university  

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің

оқытушылары: Г.М. Мужигова, Г.А. Тастемирова, С.Р. Нуртилеуова