ТҮРКІТАНУДАҒЫ ҒЫЛЫМИ САБАҚТАСТЫҚ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әлеуметтік лингвистика, аударма теориясы мен тәжірибесі» зертханасы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп «Түркітанудағы ғылыми сабақтастық: 1926 жылғы Баку съезінің идеяларынан С.И. Вайнштейннің ғылыми мұрасына дейін» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді.

Ғылыми басқосудың негізгі мақсаты – 1926 жылы Баку қаласында өткен Бірінші Бүкілодақтық түркологиялық құрылтайдыңмғылыми идеялары мен сол кезеңде қалыптасқан зерттеу бағыттарынан бастап, С.И. Вайнштейн, Н.И. Егоров, Ч.К. Ламажаа және қазіргі қазақстандық түркітанушылардың еңбектері негізінде түркі халықтарының тілін, тарихын, этнографиясы мен мәдениетін зерттеудегі ғылыми сабақтастық мәселесін пайымдау.

Семинар барысында түркология ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы маңызды кезеңдерге назар аударылып, әртүрлі өңірлерде қалыптасқан түркологиялық ғылыми мектептердің өзара сабақтастығы мен зерттеу бағыттарының ерекшеліктері талқыланды. Атап айтқанда, 1926 жылғы Бірінші Бүкілодақтық түркологиялық съездің тарихи және әдіснамалық маңызы сараланып, оның қазіргі түркология үшін өзектілігін сақтап отырған ғылыми қағидаттары сөз болды.

Семинар бағдарламасын «1926 жылғы Баку түркологиялық съезі: ғылыми күн тәртібі және тарихи маңызы» тақырыбындағы баяндамамен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты Қолжазбалар зертханасының аға ғылыми қызметкері, PhD А.А. Искендир ашты. Баяндамада съездің ғылыми күн тәртібі, тарихи маңызы және оның кейінгі түркологиялық зерттеулердің қалыптасуына ықпалы қарастырылды.

Түркі және славян халықтарының ғылыми-мәдени байланыстары мен эпикалық мұра мәселелері «Turco-Slavica және эпикалық мұра» тақырыбындағы баяндамадақарастырылды. Аталмыш баяндаманы филология ғылымдарының кандидаты, Astana IT University ассистент-профессоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Д.Б. Аманжолова ұсынды. Зерттеу аясында түркі және славян әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын, эпикалық мұраны салыстырмалы тұрғыдан зерделеудің ғылыми мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.

Семинардың негізгі мазмұндық бағыттарының бірі көрнекті ғалым С.И. Вайнштейннің ғылыми мұрасын зерделеуге арналды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Н.Ж. Шаймерденова «Орталық Азияның көшпелі қоғамдарының тарихы мен мәдениетін реконструкциялаудағы С.И. Вайнштейннің ғылыми мұрасының рөлі мен маңызы» тақырыбында баяндама жасады.

С.И. Вайнштейннің еңбектері Еуразияның көшпелі өркениеттерін, Тува халқының тарихын, этнографиясы мен мәдениетін кешенді зерттеудің маңызды үлгісі ретінде қарастырылды. Ғалымның зерттеу еңбектеріндегі пәнаралық ұстаным, тарихи деректерді этнографиялық материалдармен сабақтастыра зерделеу тәсілдері қазіргі түркологиялық зерттеулер тұрғысынан да өзекті екені атап өтілді.

С.И. Вайнштейннің зерттеу парадигмасының қазіргі гуманитарлық ғылымдардағы сабақтастығы «Фольклорлық мәтіндердегі этика және құндылықтық бағдарлар (С.И. Вайнштейннің зерттеу парадигмасы негізінде)» тақырыбындағы баяндамада әрі қарай талқыланды. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы, философия ғылымдарының магистрі Д.Е. Канаева фольклорлық мәтіндердегі этикалық ұстанымдар мен құндылықтық бағдарларды қарастырып, фольклорлық мұраны халықтың дүниетанымы мен мәдени жадын танытатын маңызды дереккөз ретінде зерделеудің өзектілігіне тоқталды.

Этномәдени құбылыстарды пәнаралық тұрғыдан зерттеу мәселесі филология ғылымдарының докторы, Кабардин-Балқар мемлекеттік университетінің шақырылған профессоры, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Ч.К. Ламажаа ұсынған «Этномәдениеттерді пәнаралық зерттеулер контекстінде тұжырымдау» тақырыбындағы баяндамада сараланды. Баяндамада этномәдени үдерістерді зерттеуде әртүрлі ғылыми әдістерді ұштастырудың маңызына назар аударылып, қазіргі гуманитарлық ғылымдардағы пәнаралық тәсілдің мүмкіндіктері қарастырылды.

Семинар аясында Чуваш түркологиялық мектебінің қалыптасуы мен ғылыми дәстүрі де кеңінен сөз етілді. Филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері С. Ақымбек «Чуваш түркологиялық мектебі: тіл, тарих және мәдениет» тақырыбында баяндама жасап, Чувашиядағы түркологиялық зерттеулердің қалыптасу ерекшеліктеріне тоқталды. Тіл, тарих және мәдениет бағыттарының өзара байланысы арқылы аталған ғылыми мектептің жалпы түркология кеңістігіндегі орны сараланды.

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ магистранты, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты Қолжазбалар зертханасының жетекші маманы А. Қаныкеш «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры Н.И. Егоровтың дәрістерінің академиялық және лингвомәдени аспектілері: мазмұны және ғылыми маңыздылығы» тақырыбындағы баяндамасында ғалымның дәрістерін академиялық және лингвомәдени тұрғыдан талдады. Н.И. Егоровтың ғылыми-педагогикалық мұрасы арқылы ғылыми дәстүрдің зерттеу еңбектерімен қатар, дәріс беру тәжірибесі мен академиялық орта арқылы да жалғасатыны көрсетілді.

Түркі тілдерінің тарихи және этномәдени байланыстары «Қазақстандық ғалымдардың түркі-моңғол этнотілдік байланыстары туралы зерттеулері» тақырыбындағы баяндамамен толықты. Филология ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Б.К. Мурзалина түркі және моңғол халықтарының этнотілдік байланыстарын зерттеудегі қазақстандық ғылыми ізденістерге тоқталып, тілдік деректердің тарихи-этномәдени үдерістерді реконструкциялаудағы маңызын атап өтті.

Түркі тілдері мен қазіргі тілдік үдерістер арасындағы сабақтастық мәселесі филология ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры С.Ж. Баяндинаның «Көптілді Қазақстандағы тілдердің өзара ықпалдастығы: XX ғасырдың ғылыми дәстүрлерін жалғастыру және қайта пайымдау» тақырыбындағы баяндамасында қарастырылды. Зерттеуде өткен ғасырдағы тілтанымдық дәстүрлердің қазіргі Қазақстандағы көптілді орта жағдайында қайта пайымдалу мәселесіне назар аударылды.

Түркі тілдерінің тарихи сабақтастығы мен өзара байланысы «Көне ұйғыр, қазақ және тыва тілдеріндегі ортақ редупликативтік бірліктердің ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамада талқыланды. Ph.D, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты Қолжазбалар зертханасының жетекші маманы Ш.Д. Буркитбаева аталмыш баяндамада көне ұйғыр, қазақ және тыва тілдеріндегі ортақ редупликативтік бірліктердің ерекшеліктеріне тоқталып, олардың түркі тілдерінің тарихи-тілдік байланыстарын зерделеудегі маңызын көрсетті.

Ғылыми семинардың қорытынды бөлімінде «Түркітану және алтайтану саласындағы одан әрі пәнаралық жобалардың қорытындылары мен перспективаларын талқылау» тақырыбында кеңейтілген пікірталас өтті. Талқылауды филология ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Н.Ж. Шаймерденова қорытындылады. Қатысушылар семинар барысында көтерілген мәселелерді жинақтап, түркология және алтайтану салаларындағы алдағы ғылыми жобалардың бағыттарын, пәнаралық зерттеулерді дамыту мүмкіндіктерін және ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Пікір алмасу барысында түркі әлемін тіл, тарих, этнография, фольклор және мәдениет тұрғысынан кешенді зерттеуге бағытталған халықаралық әрі өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігі атап өтілді.

Ғалымдар мен жас зерттеушілердің басын қосқан ғылыми алаң түркологияның дәстүрлі бағыттарын жаңа әдіснамалық тәсілдермен ұштастыруға, ғылыми мұраны қайта зерделеуге және түркітану мен алтайтану салаларындағы келешек зерттеулердің басым бағыттарын айқындауға негіз болғаны анық.

 

Ph.D., «Әлеуметтік лингвистика, аударма теориясы мен тәжірибесі» зертханасының аға ғылыми қызметкері А. Кенжеқожаева