ҚазҰУ – менің бақытымның бастауы болды

“Ұстаздардан тәлім ап аты мәлім,
Дұрыс болған ҚазҰУ-де оқығаным…
Қалашықты сыйғызып қарашыққа,
Жағалауда ой кешіп отырамын”,-дегендей ҚазҰУ – менің бақытымның бастауы болды. Бұл мекеме көп жылдық оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесіне бай.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының бас рейтингісінің көшбасшысы болып табылады. Ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің “Сапа саласындағы жетістіктері үшін” сыйлығының лауреаты, қызметтерінің сапасы жағындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының дипломанты IQNET Халықаралық сертификациялық жүйесінің ірі әлемдік сертификаттау орталықтарының куәлігін алды.
Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуге, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.
Университетте 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк және әскери кафедра жұмыс істейді. Университетте 2 мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100 аса ірі академиялардың академиктері, 40-тан астам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық мемлекеттік және атаулы сыйлықтың лауреаты және 40-қа жуық жас ғалымдар сыйлықтарының лауреаты жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі жүйесі бойынша 25 мыңнан астам студенттер мен магистранттар білім алуда. Менің университетім әлемнің 418 ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттер алмасу және тағылымдамалар өткізу бойынша ынтымақтасады.
Қарашаңырақтан түлеп ұшқан әрбір студент жерде қалмайды. Ең кемі университет оқытушысы, бөлім басшысы қызметін атқарып жүр. Бұл білім ордасының жетістігі деп білеміз. Қазақ зиялыларын түлеткен ҚазҰУ жасай берсін!
Тұрдәлі Талғат, PhD І-курс студенті,
Утемгалиева Насихат Адайхановна,
PhD, доцент м.а.
Авакова Раушан Амирдинқызы
филология ғылымының докторы, профессор.