«ENBEK CUP» пікірсайыс турнирі

 

2024 жылдың 19 қазанында Алматы қаласындағы UIB университетінде мектеп командалары арасында «ENBEK CUP» атты дебаттық турнир өтті. Бұл шара «Еңбек еңсе көтереді» жобасы аясында ұйымдастырылды және оған Алматы қаласының әртүрлі мектептерінен 32 команда қатысты. Әр командада екі оқушыдан болды.

Турнир American Parliamentary Format (APF) форматында өтті, бұл американдық стильдегі пікірсайыс түрі. Жастардың сыни ойлау, шешендік өнер және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған дебаттар бірнеше кезеңдерден тұрды. Таңертеңгі уақыттағы бірінші, екінші және үшінші раундтардан кейін 32 команданың ішінен үздік шыққан командалар жартылай финалға өтті. Түстен кейін жартылай финал мен финалдық кездесулер өткізіліп, ең мықты командалар анықталды.

Турнир барысында қатысушыларға кофе-брейк ұйымдастырылды, бұл оларға күш жинап, бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

 

Турнирдің нәтижесінде үздік командалар мен спикерлер марапатталды. 1-орын, 2-орын, 3-орын иегерлері ақшалай сыйлықтар мен сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар, «Ең үздік спикер», «Үздік спикер», «Үздік тәлімгер», «Ең үздік төреші», «Ең үздік кейс», «Ең үздік фракция» номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталды.

 

Бұл турнир жастар арасында белсенділік пен көшбасшылық қасиеттерді дамытудың маңызды қадамы болды. Ұйымдастырушылар — Алматы қаласының қоғамдық даму орталығы — жастардың қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған осындай шараларды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.