Медиацияның қоғамдағы маңызы артып келеді

Қазақстанда дауды шешу үшін қайда жүгіну керек екенін көп адам біле бермейді. Көпшіліктің ойына келетін жауап – сот. Бірақ елде кейбір дауларды соттан тыс шешуге болады. Ондай жолдардың бірі – медиация. Медиацияда тараптар дауды өзара келісіп шешеді. Ортақ шешімге келуге судья емес, медиатор көмектеседі. Келісімге келсе, тараптар өзара жазбаша келісім шартын жасайды. Ол медиация туралы шарт деп аталады. 

Қазақстанда медиация туралы заң 2011 жылы қабылданды. Мақсаты – сот жүйесіне түсетін ауыртпылықты азайту.

Медиация рәсімі сотқа жүгінуге қарағанда оңай. Сотқа жүгіну үшін тұлға талап арыз жазып, мемлекеттік бажды төлеуі қажет. Сот талап-арызды қабылдағаннан кейін, тұлға бірнеше ай сот отырысын күтеді. Сотқа жүгіну үшін заңгерге барады, қызметі үшін ақша төлейді. Ал медиацияда тараптар медиаторлар тізімінен қажет маманды таңдап, егер ақылы болса еңбек ақысын өзара бөліп төлейді.

Сотта даудың жүру ұзақтығы сотқа байланысты болса, медиацияда ол тек тараптарға байланысты болады. Олар тіпті бір күннің ішінде мәмілеге келе алады.

Алматылықтарға медиациялық көмек беру мақсатында Social project management орталығы арнайы жұмыстар жүргізіп келеді. Қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен атқарылып жатқан жұмыстарға білікті медиаторлар тартылып, олар өздеріне жүгінген жандарға көмек қолын созуда.

Жоба медиаторы Қалбуби Жанботаеваның айтуынша, адамдар әртүрлі проблемалармен келеді екен. Көбін отбасылық, қаржылық, мүлік бөлісу мәселелері мазалайды. «Қазір қоғамда неке дағдарысы өршіп тұр. Олардың өзі әртүрлі мақсатта жүгінеді. Бірі қайта татуласуды мақсат етсе, енді бірі ажырасқаннан кейінгі тұрмыстық мәселелерді реттеп алуды мақсат етеді. Сонымен қатар, қарызға ақша алып қайтармай немесе қайтарта алмай жүргендер көп жүгінеді. Мұндай күрделі мәселелерді шешу мықьы біліктілікті талап етеді» дейді медиатор Қ.Жанботаева.

Медиация институтын нығайтуға және дәріптеуге бағытталған жоба аясында әртүрлі кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, медиативтік көмек көрсетумен қатар, лекциялар, мастер-класстар, жедел желі жұмыстары атқарылды.