Жамбыл облысы әкімі “Артық білім кітапта” челленджін қолдады

 

Кеше Ұлттық Кітап Күні аясында ел руханиятына серпін берген ерекше оқиға орын алды. Жамбыл облысының ауыл мектептеріне «Асылтас» қоры 17 000 кітап жеткізіп, білім мен рухани байлықтың шынайы мерекесін сыйлады.

Бұл — жай ғана кітап тасымалы емес, бұл — білімді арқалаған керуен. Қасиетті жүк жол бойында Қордай ауданы мен Меркі ауданы тұрғындарының ерекше ықыласына бөленді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, өнерпаздар ән мен күйден шашу төгіп, керуенді зор құрметпен қарсы алып, Тараз қаласына шығарып салды. Бұл көрініс – кітапқа деген құрметтің, білімге деген іңкәрліктің айқын көрінісі.

Бүгінде қала тұрғындарының өзі әрең тауып жүрген құнды еңбектердің ауылға жетуі – үлкен олжа. «Қаныш және ғылыми майдан», «Жұмабек және Жер майдан» секілді сирек кітаптардың шалғайдағы Мойынқұмға жетуі, Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат» туындысының Жуалыға, Жүсіпбек Қорғасбектың «Көкжал» шығармасының Рысқұлов ауданына жеткізілуі – бұл істің ауқымын айқын көрсетеді. Сонымен қатар әлемдік классиканың қазақша аудармаларының ауыл кітапханаларына жол табуы – мәдени теңсіздікті азайтудың нақты қадамы.

Кітап келген сәттен бастап оны күтіп алып, жүк көлігінен түсіріп, небәрі бір тәуліктің ішінде 17 мың кітапты облыс мектептеріне бөліп шыққан тараздық еріктілердің еңбегі – ерекше құрметке лайық. Бұл – жанкештілік пен шынайы жанашырлықтың үлгісі.

Шара барысында жастардың белсенділігі де ерекше байқалды. Juz40 білім орталығының басшысы Жұлдызай Мусаева оқушылардың ерекше ықыласына бөленіп, олармен суретке түсіп, қолтаңба беруден қолы босамады. Сол сияқты Дулат Тастекей де жастардың назарынан тыс қалмады. Бұл – білім мен парасат иелерінің бүгінгі жас буын үшін шынайы үлгіге айналып келе жатқанын көрсетеді.

Көздің жауын алатын жаңа кітаптарды көргенде, тіпті ересектердің өзі балалық шағын еске алып, ауыл кітапханаларының иісін сағынышпен еске алды. Бұл – кітаптың тек білім көзі ғана емес, жүрекке жылу сыйлайтын рухани құндылық екенін дәлелдейді.

Айта кетейік бұл челлендж былтыр Абай облысында басталған, биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қолдап, қаржылай демеушілік көрсеткен.