Алматыда Желтоқсан рухына арналған дөңгелек үстел өтті

 

«Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің отын жаққан рух» атты қорытынды дөңгелек үстел өтті. Тағылымды жиынға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ардагерлері, тарихшы ғалымдар, қоғамтанушы сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызына, оның Қазақстан тәуелсіздігі жолындағы орнына және азаттық идеясының бүгінгі ұрпақ санасындағы мәніне кеңінен тоқталды. Спикерлер қазақ жастарының сол кезеңдегі еркіндік пен әділдік жолындағы батылдығын ерекше атап өтіп, Желтоқсан оқиғасын елдікті ұлықтаған, ұлт рухын оятқан тағылымды тарихи сабақ ретінде бағалады.

Дөңгелек үстел аясында тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау, тарихи жадыны сақтау және жастардың отансүйгіштік рухын нығайту мәселелері де сөз болды. Шара соңында пікір алмасу өтіп, қатысушылар өзара ой бөлісіп, бірқатар ортақ ұсыныстарын білдірді.

Аталған дөңгелек үстел Желтоқсан қаһармандарына тағзым жасап, олардың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған мазмұнды кездесулердің бірі ретінде жоғары бағаланды.

Шара Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ләззат Асанованы еске алуға арналған жоба аясында өтті.