Дін саласы мамандарының біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті

 

2026 жылғы 20–21 мамыр аралығында Алматы облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында теолог мамандарының біліктілігін арттыруға арналған оқыту семинары өтті.

Екі күнге созылған семинарның негізгі мақсаты – дін саласында қызмет атқаратын мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасы мен тиімділігін күшейту, сондай-ақ қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту.

Оқыту барысында қатысушылар діни экстремизмнің алдын алу және деструктивті діни ағымдардың таралуына жол бермеу тетіктері бойынша білімдерін толықтырды. Сонымен қатар діни ахуалды талдау әдістері, Қазақстандағы діни саясаттың негізгі бағыттары мен заңнамалық негіздері, халықпен тиімді коммуникация орнатудың заманауи тәсілдері кеңінен қарастырылды.

Семинар бағдарламасы теориялық дәрістермен ғана шектелмей, тәжірибелік тренингтермен толықтырылды. Бұл қатысушыларға кәсіби қызмет барысында кездесетін түрлі жағдайларды талдап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың практикалық жолдарын меңгеруге мүмкіндік берді.

Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – дін саласындағы ақпараттық-талдау жұмыстарында жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін талқылау болды. Қатысушылар заманауи цифрлық құралдардың ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қоғамға қажетті мазмұнды әзірлеудегі әлеуетіне назар аударды.

Жалпы, семинар дін саласы мамандарының кәсіби білімін жетілдіріп қана қоймай, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша пікірлерін ортаға салды.

«Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігінің директоры
Нұрғалиева Г.Т.