Түркістанның туризмі Берлиндегі халықаралық көрмеде таныстырылды
Туризм саласында тәжірибе алмасу мақсатында Германия елінің астанасы Берлинде жыл сайын ITB Berlin 2024 туристік көрмесі өтеді.
Оған әлемінің түкпір-түкпірінен 180-нен аса мемлекеттің өкілдері шақырылады. Биыл Қазақстан бұл ауқымды іс-шарада белсенділік танытып отыр. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бастаған топ еліміздің мәдениеті, ұлтттық құндылықтары, тартымды туристік маршруттарын таныстырды.
Халықаралық көрмеге Түркістан өңірінің делегациясы қатысты.
Елімізден барған белгілі туристік агенттік арнайы стендте Түркістанның туристік әлеуеті жайлы ақпараттарды ұсынды.
Нұрдәулет Медеуовтың айтуынша, неміс халқының және әр елден келген қонақтар, тәжірибелі сарапшылар мен туристік бизнес өкілдерінің Қазақстанның тарихына қызығушылығы жоғары. Оның ішінде Түркістаның туризміне қызығушылық танытып, мәлімет алмасып жатқандар көп. Саяхат технологиялары, халықаралық тенденциялар, туризм индустриясы, ұсыныстар мен нақты перспективалар сөз болды.
Одан бөлек, Оңтүстік Кореяда Түркістанның жарнамасын ұйымдастыруды және туроператорларды ақпараттық турға шақыра отырып, Орталық Азияда бірлескен турөнімдерді ұсыну арқылы Оңтүстік Корея туристерін Түркістанға алып келу бойынша «Luda Travel» компаниясының басшысымен талқылаулар мен келіссөздер жүргізілді. Екі күн ішінде Германия, Франция, Испания, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің 40-тан астам туристік компания басшыларымен кездесулер өтіп, әріптестік орнатылды.
Дереккөз: BAQ.KZ