Тәуелсіз толқын. Ауғанстаннан қазақ тапқан Санат Ілиястің көрген-түйгендері
Қауіпті болса да қазағы бар елдерді аралап жүрген бір қазақ бар. Оның «Жалғыз жолаушы» ютуб арнасында жариялаған ауған қазақтары жайлы деректі фильмі Ауғанстанда қазақ жоқ деп жүрген көпшілік назарын бірден аударды. Деректі туындының авторы Санат Ілияс сұхбатында ауған қазақтарының өмірі туралы толығырақ әңгімелейді.
Ауғанстандағы қазақтардың өмірі халықты бей-жай қалдырмаған. Ондағы қандастарымыз әлі де қырық жамаулы киіз үйді баспана етіп, тау ішінде өмір сүріп жатыр. Солармен бірнеше күн бірге өмір сүрген Санат Ілияс көрген, түйгендерімен бөлісті.
«АУҒАНСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ САНЫ 1 МЛН ДЕЛІНЕДІ»
— Ауған сапары қалай өтті? Ол жақтағы түсірілім қанша күнге созылды?
— Ауғанстаннан келгеніме 10 күнне енді астыы. Ол жақтағы түсірілім 6 күнге созылды. Мамыр айының 30-ы күнінен бастап, маусымның 5-не дейін түсірдік. Негізі Ауғанстанда қазақтардың саны өте көп. Бір ауылда 500 қазақ үйі болса, екіншісінде – 17 үй, тағы бірінде 20-ға жуық қазақ үйі болды. Мен өзім үш қазақ ауылына бардым. Ауғанстандағы тұрғындар елдегі қазақтардың саны 1 миллионға жетеді деп айтады.
— Ауғанстанға қазақтардың қоныс аударуы қалай жүрген?
— Негізі қазақтар Ауғанстанға үш кезеңмен келген. Бұл – сол жақтың тарихшысы Молда Жұма есімді Ауғанстандағы қазақ тарихшысы жазған дерек. Ол парсы тарихымен салыстыра отырып зерттеген екен. Сонда қазақтардың Ауғанстанға үш кезеңмен барғаны айтылады. Бірінші кезеңде – Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама уақытында, екінші – Әбілқайыр патша үкіметіне қосылуға келіскенде, қарамағындағылар арасында көтеріліс болады. Сол көтерілісте қудаланғандар Ауғанстанға қашқан екен. Үшіншісі – Ашаршылық, репресссия кезінде босып барған қазақтар.
АУҒАНСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ҚАТЫНАСЫ
— Сұхбат барысында қазақтар мен өзбектердің тығыз байланысына мән берілген. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.
— Мен барған, көрген қазақтар өзбектермен етене жақын араласады. Бағлан, Құндыз деген аймақтың барлығы кезінде (батыс) Түркістан аймағы деп аталған екен. Себебі ол жақта түріктер көп болған. Тұрғындардың басым көпшілігі түрікмендер, өзбектер, қазақтар болған. Ашаршылықтан, қуғыннан қашып барған қазақтарды өзге ұлттар жақын тартпаған. Тек өзбектер ғана қыз беріп, қыз алысқан. «Біз бір бауырмыз» деп жақын тартқан өзбектер болған. Сондықтан ол жақта қазақтар өзбектермен қатты араласып кеткен.
«БЕСІК ПЕН КИІЗ ҮЙ»
— Ауған қазақтарын бір көргеннен тануға бола ма?
— Ауғанстандағы қазақтардың көпшілігі қазаққа ұқсайды, әрине. Үңгірде тұрып жатқан қазақтар бар, Оймауыт ауылында 500-ге жуық қазақ тұрады. Сыртынан қарап-ақ мынау қазақ деп анық айтуға болады. Өйткені бүкіл сыртқы келбеті, сөздері, қолында ұстаған заттары – бәрі қазақтың заттары. Мысалы бесік, киіз үй деген сияқты бұйымдарды әлі қолданады. Олардың сөздері де қазаққа ұқсайды.
Әрине, ол жақта білім, мектеп, қазақ тілді курстар жоқ. Далада жарық-жылуы, интернет тоғы жоқ. Олар оқшауланып әбден қараңғы болып қалған. Дегенмен қазақтың баяғы салт-дәстүрлері, қымыз ішу, бесікке бөлеу деген сынды әдет-ғұрыптарды сақтап қалған. Ауғанстанда талибандар билік құрады. Олар діни шариғатқа өте қатты мән береді. Сондықтан домбыра деген сияқты қазаққа тән өнерлердің көпшілігін шеттетіп тастаған. Үңгірдегі қазақтарға дейін барып сол жақтағы домбыраларды сындырып тастаған.
«ТАЛИБАН ҮШІН ДОМБЫРА ХАРАМ»
— Ауғанстанда қазақтарға домбыра тартуға тыйым салынған. Яғни аспапты «харам» санай ма?
— Домбыра тартсақ, намаз оқымасақ, сақал қоймасақ ұрады дейді қазақтар. Талибандардың сенімінше, музыкалық аспап деген – «харам». Сол себепті оған заң жүзінде тыйым салады. Көшеде, посттарда автомат ұстап талибанның әскери қызметкерлері тұрады. Олар әр көлікті тексереді. Көліктің ішінде музыка болмауы керек. Тыңдайтындары да бар. Бірақ олар жасырын тыңдайды. Егер музыка тыңдап жүргендер қолға түссе, қатаң жазаланады. Сол себепті бұл жақта домбыраны «харам» деп санайды.
«БІР ҚАЗАҚ АУЫЛЫ ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН»
— Қазақтар немен күн көреді? Тау ішінде немен күнелтеді?
— Ол жақтағы қазақтарда проблема өте көп. Тіпті су да жоқ. Тауда тұрады ғой. Қыста қар жауады. Сол кезде арық қазып, сол жаққа суды жинайды. Жаз бойы олар сол суды ішеді. Таза су деген атымен жоқ. Кезінде бір ауыл обыр ауруынан бірден жойылып кеткен. Сондай экологиялық мәселелер өте көп. Олар егін егумен, мал өсірумен айналысады. Көп болмаса да 1-2 мал бар. Біздегідей дастарқан жоқ. Нан жейді, ет жоқ, тамақ жоқ, сүт пен құрт та жоқ. Бидайды алып, оны үгітіп, керегін солай дайындайды.
ОҚШАУЛАНҒАН ӨМІР
— Елшілікпен байланысып, құжат алуға не кедергі?
— Ауған қазақтарына «жастарыңыз қаншада?» деп сұрап көрдім. Олар не жасын білмейді, не хат танымайды. Олардың қазақ екенін киіз үйлеріне, сыртына қарап білуге болады. Бірақ қазақтардың сауаты өздерінің қазақ екенін дәлелдеуге жетпейді. Неге? Өйткені елшілікте «Қазақ екеніңді дәлелде» деген сұрақ бар. Ол қазақ екенін түрлі сұраққа жауап беріп, жеті атасын білу арқылы дәлелдеуі керек. Комиссияда «қазақтың ұлттық тағамы қандай?» деген сұрақтар болады. Ал Ауғанстандағы қазақтар қарапайым сұраққа да жауап бере алмайды. Өйткені тағдыр соққысын көп көрген олар өте қараңғы.
— Ауғанстандағы қазақ жастары қайда? Немен айналысады?
— Ауғанстанда балалар, жастар талпынып тұр. Олар Қазақстанға келгісі келеді, біздің елде оқуды қалайды. Осында білім алып, қазақ еліне өз үлесін тигізгісі келеді. Олар «Қазақстанда қандай жұмыс болсын, соны істейміз. Мал бақ десе мал бағамыз, егін ек десе егін егеміз» деп отыр. Әрине, олардың өмірі көз ашқалы соғыспен өтіп жатыр. Соңғы елу жылдықты алсақ та Кеңес үкіметі, Америка, талибандар кірген. Жалпы олар соғыстан көз ашпады. Ауылды жерлерде қазақ тілі тұрмақ, мектеп жоқ. Тауда, үңгірде тұратындарда құжат жоқ. Білім аламын деген кезде оларды тонап, өлтіріп кеткені де бар. Жастарды әскерге алып, мәжбүрлеп жұмыс істеткен. Сол себепті олар қалаға да бармаған, оқшауланып, тұра берген. Әрине, мүмкіндік болса олар да білім алып, дамығысы келеді.
«СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫСТАНДЫРУ»
— Ағайынды ата-қонысқа қайтару үшін не істеу керек?
— Оларды елге арнайы экспедиция жіберіп, зерттеп, құжат беру керек. Мемлекет, Үкімет тарапынан көмек көрсетіліп, ағайынды елге әкелу қажет. Ол ағайын өте еңбекқор, жүректері таза, арамдық дегенді білмейді. Біреулер «олар талибан болып кеткен» дейді. Жоқ, мен көзіммен көргенімді айтып отырмын. Қазақтар таудың ішінде 300 жыл бұрынғы дәстүрмен өмір сүріп жатқандар. Оларды солтүстік өңірлерге әкеліп, жайғастыру керек. Сол жақты қазақыландыру керек. Олардың елге тигізер үлесі көп.
— Сұхбат үшін рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы