Ақтөбеде автопаркке жаңа автобустар берілді
Олар № 1, 11 және 25 бағыты бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Өңір басшысы Асхат Шахаров сыйымдылығы 80 орындық 30 жаңа автобусты қарап шықты.
Yutong маркалы автобустар климаттық бақылаумен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жиналмалы пандусы бар. Қарағанды облысының Сарань қаласында жинақталған.
«Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесовтің айтуынша, Yutong маркалы 30 жаңа автобусты сатып алуға 2023 жылы тапсырыс берілгенімен, олар биыл, осы наурыз айында жеткізілген. 2023 жылы мекеме барлығы 42 автобус сатып алыпты.
Кәсіпорын өзінің автопаркін біртіндеп жаңартып отырады. 2022 жылы — ЛИаЗ, ПАЗ және Yutong маркалы 33 автобус сатып алынды. Биылғы жылдың қазан айында, тағы 50 автобус әкелу жоспарланып отыр. «Автопарк» қоғамдық көліктерді жаңартуға 2022 жылы 1,4 млрд теңге, 2023 жылы – 2,7 млрд теңге, 2024 жылы – 3,5 млрд теңге қарастырды, — деді Ақарыс Тілеулесов.
Аймақ басшысы қоғамдық көліктер санын әлі де арттыруды, автобустарда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуді, әсіресе, жиіліктің кестеге сай қадағалануын, сондай-ақ, қауіпсіздік ережелерін сақтауды бақылауда ұстау керектігін алға тартты.