Әскердегі сарбаздар аналарына тосын сый жасады
«Оңтүстік» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының басшылығы аналар үшін 8 наурыз мерекесіне ерекше сыйлық дайындап, оларды тікелей эфирде ұлдарымен кездесуін ұйымдастырды.
Әскерилердің бұл бастамасына «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Jambyl телерадиокомпаниясының басшысы Гүлбаршын Құланбаева мен Saryarqa телеарнасының жетекшісі Берік Дүйсетаев қолдау көрсетті.
Бізге әскери бөлімдердің сарбаздары арасынан аналары білім беру саласында жұмыс істейтін Тараздың тумаларын табу қиындық тудырған жоқ, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ораз Кучуков. – Біздің бұл «арнайы операция» туралы көптеген адамдар хабардар болғанымен, аналар бұл жөнінде білген жоқ.
№ 44 орта мектептің химия-биология пәнінің мұғалімі Мөлдір Сакиева мен № 53 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Назима Даутбаева «Рауан» бағдарламасының тікелей эфиріне келгенде өздерін қандай тосынсый күтіп тұрғанын білген жоқ. Әңгіме мамандықтан отбасылық тақырыпқа ауысқан кезде студия қонақтары ұлдарының мерзімді қызмет атқаратынын айтты. Осы сәтті дұрыс пайдаланған тележүргізуші олардың арманын сұрады. Ал аналар болса бірауыздан ұлдарын бір көріп, құшақтағысы келетінін жеткізді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Сарыөзектегі 12740 әскери бөлімінен келген қатардағы жауынгерлер Данияр Сакиев пен Мадияр Атамбек студияға гүлмен кірген кезде аналары өз көздеріне өздері сенбей аң-таң болысты.
«Астана» өңірлік қолбасшылығында да осыған ұқсас сценарий орын алды. Тараздағы 85395 әскери бөлімінде қызмет ететін қос сарбаз Нұрбол Көпбаев пен Расул Әлжанов Қарағандыға арнайы келді. Мерзімді қызметтің жарты жылында олар жауынгерлік және дене дайындығында үздік нәтижелер көрсетіп, бөлім қолбасшылығы екеуіне де онкүндік демалыс берген екен.
«Сәлем, Қарағанды!» бағдарламасының мерекелік шығарылымына ауыл кітапханашысы Баян Хасенова қонақ болды. Бағдарлама режиссерлері ұйымдастырған «телекөпір» Баян үшін ұлы Нұрболмен кездесумен аяқталды.
Демалысқа шыққан соң мен туыстарыма жетуге асықтым. Әрі анама тосынсый жасау мүмкіндігі туғанына қатты қуандым. Мен оған есте қаларлық ерекше тарту жасағым келді, – дейді Нұрбол Көпбаев.
Мектеп асханасының аспазы Әсел Кондорбаеваның қатысуымен өткен бағдарламада оған ұлының букет беріп жібергені айтылды. Көп кешікпей ұлы Расул студияға гүлмен кіріп келген кездегі анасының таңданысын тілмен айтып жеткізу қиын.
Телеарна басшылары мен жүргізушілері, сондай-ақ хабарға қатысқан кейіпкерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Ержан Ибраевқа мерзімді қызметтегі сарбаздардың аналарымен кездесуді ұйымдастыруға жәрдем көрсеткені үшін алғыстарын білдірді.
Дереккөз: BAQ.KZ