Төлен Тоқтасынов ауыр хәлде. “Достары” онымен дауласуда

Кезінде оппозициялық саясаткер ретінде қатар жүрген кәсіпкерлер Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов арасындағы дау-дамай әлі бітер емес деп хабарлайды jarshy.com/rus саяси-ақпараттық порталының тілшісі  Adyrna.kz-ке сілтеп,

Қазір экс-депутат Төлен Тоқтасынов ауыр дертпен күресуде. Ол Оңтүстік Кореяда ем алып жатыр. Бұл туралы Тоқтасыновтың әйелі Алма Тоқтасынова “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.

— Төлен ауырып жатыр, сондықтан мен бәрін бір жаққа ысырып қойдым. Бірақ «жау» ұйықтап жатқан жоқ және жағдайды пайдалануды ұйғарды, — дейді Алма Тоқтасынова.

Оның ойынша, жұбайының ескі достары ауырып жатқанына қарамай, сотқа арыздануын доғарар емес.

— 12 маусымда Ғалымжан Жақиянов, ал 14 маусымда Тагир Сисинбаев Жоғарғы cотқа Медеу және Алматы қалалық соттарының Жақияновтың Төлен екеумізден ақша өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан шешімдеріне кассациялық шағым түсірді.  Соттар ашық режимде баспасөздің бақылауымен іс материалдары мен барлық тараптар ұсынған дәлелдемелерді мұқият зерделей келе, Төленнің бірлескен кәсіпкерлікте үлесі бар екенін, ол үшін Ғалымжан оған бірінші траншты төлегенін анықтаған еді. Сондай-ақ, сот Жақияновтың Төленнің үлесін сатып, Лидің ақшасын жымқырған қытайлықтармен келісімін де дәлел ретінде қарастырды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Бірақ бұл адамдар қайта арыздануда. Олар сұхбаттарда экс-судья және әкім ретінде өздерінің адалдығы туралы айтады, алайда бәрі керісінше.., — дейді Алма Тоқтасынова.

Алма Тоқтасынова Жақиянов пен Сисинбаев Жоғары сотқа арыздану үшін «жаңа схема» ойлап тапқан секілді дейді.

— Жақиянов Талғарға мекенжайын өзгерткен, бірақ ол Талғарда тұрмайды. Ал Сисинбаев Төлен екеуінің арасындағы келісім-шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен Жақияновтың «тұрғылықты жері» бойынша Талғар сотына жүгініпті. Менің ойымша, олар қалалық соттан жеңілген соң, әдейі мекен-жайын өзгертіп, сотты ақшамен шешкісі келетін секілді. Сисинбаев бұрын Жоғарғы сотта жұмыс істеген болатын. Енді таныстарына шығып, өзіне дұрыс шешім шығартып алмақ деп ойлаймын,-  дейді Алма Тоқтасынова.

Ал бұл туралы Ғалымжан Жақияновтан жауап алу мүмкін болмады.

Айта кетейік, 20 маусымда Алматы қаласы Алатау аудандық сотында Ғалымжан Жақияновтың “Адырна” ұлттық порталы мен Төлен Тоқтасыновқа берген арызының аппеляциялық соты өткен болатын. Сот шешімі өзгеріссіз қалды.

Биыл 4 наурызда жарияланған сот қорытындысы “Адырна” ұлттық порталының YouTube арнасындағы сұхбатты өшіруге және Төлен Тоқтасыновқа ондағы деректерді жоққа шығаруына шешім шығарды. Сондай-ақ, Тоқтасынов 200 мың теңге төлеуге міндетті болды. Ал “Адырнаға” қойылған қаржылық талаптар негізсіз деп танылған болатын. Бұл шешіммен “Адырна” ұлттық порталы келіспей аппеляцияға ұсынған еді.