Жұмыс берушілермен кездесу өтті

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеудегі мәселелерді шешуге бағытталған жоба» аясында жұмыс берушілермен 4 ауданда – Жетісу, Наурызбай, Алатау, Әуезов аудандарында кездесулер өтті. Кездесулерге кемінде 2 жұмыс берушілерден қатысты. Әртүрлі компаниялардан келген жұмыс берушілер өздерінің ұсынып жатқан жұмыстары туралы толық ақпаратпен бөлісті. Бірінші кездесу маусым айында өткен болатын. Оған жұмыс беруші – «Темірбетон-1» ЖШС кадрлар ісі жөніндегі маманы Дана Рабғалиева қатысты. Екінші кездесу Наурызбай ауданында өтті. Оған жұмыс берушілерден – Autoglassimport компаниясының кадр ісі маманы Аинна Айвазова мен “Казмонтажспецстрой” компаниясының кадр бөлімінің қызметкері Гүлсім Шаконова қатысты. Үшінші кездесу Алатау ауданында өтті. Оған жұмыс берушілерден – “Галант ботлерс” компаниясының персоналды іріктеу маманы Дана Келгенбаева мен “АБС-ЛДстрой” ЖШС өкілі Марат Амиров келді. Төртінші кездесу Әуезов ауданында өтті. Онда жұмыс берушілерден – “Арена S” (Sulpak) компаниясының кадрлар ісі жөніндегі маманы Иллахэ Абдулаева мен “Алматы Су” шаруашылық компаниясының персоналды басқару маманы Назерке Саматқызы болды.


Кездесу қатысушылары жұмыс берушілерге сұрақ қою арқылы өздеріне керекті жауаптарын алды. Мысалы: айлық көлемі, жұмыс кестесі, жалақы айына қанша рет берілуі сынды сұрақтар қойылды. Бұл сұрақтарға жауап берген жұмыс берушілер толық ақпаратымен бөлісіп, кездесуге қатысушыларды қызықтырып, жұмысқа деген ынтасын ашты. Мәселен, Автотрейд компаниясын алатын болсақ, жұмыс кестесі: 6/1, жұмыс күніне 2-3 сағат уақыт көлемін алады, жалақы мөлшері 70 000 теңге. Жұмыс міндеттеріне келсек: Райымбек 61 және Сейфуллина 202 мекенжайларындағы екі дүкеннің іргелес аумақтарын тазалау болып саналады. Сондай-ақ, Sulpak компаниясында оператор hr вакансиясы қарастырылған. Жұмыс кестесі: 5/2, жалақы көлемі 100 000 теңге. Және де жұмыс беруші Дана Келгенбаева өз компаниясындағы жүк тиеуші экспедитор, жүргізуші экспедитор, тоңазытқыш жабдықтарын құрастырушы сынды жұмыстарды ұсынды. Сол секілді, асфальт бетоншы, электр және газ дәнекерлеушісі, электромонтер, электрик сынды маман иелері керектігі туралы қатысушыларға баяндалды.
Жалпы кездесулерді қорытындылай келе өндіріс орындарында жұмыс істеуге ниетті адамдар саны бірте-бірте артты. Кездесулер барысында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау, олардың жұмысқа орналасуы, құжаттардың дұрыстығы туралы мәселелер талқыланды. Қатысушылар жұмыс берушілердің нөмірін, компания туралы ақпарат қағаздарын алып міндетті түрде хабарласатынын жеткізді. Қос тарапта жақсы көңіл-күймен қоштасты. Кездесулер жоғары деңгейде өтті. Бастысы бұл кездесулерге қатысқан жандарға үлкен септігін тигізді.