Жаңалықтар «Алтай би қайта тірілді». Дүкен Мәсімханұлының батырға арналған дастанының тұсауы кесілді
Бүгін, 11 қазан Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, дарынды ақын, əйгілі аудармашы, көрнекті қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры Дүкен Мәсімханұлының “Алтай би” (тарихи дастан) атты кітабының тұсаукесері өтті.
Би, шешен, Жетісуды жоңғарлардан азат етуге ат салысқан қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі — Алтай Найманбайұлын дәріптеуге арналған шараға отандық жетекші және жас ғалымдар, тарихшылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен батырдың ұрпақтары қатысты.
Жиынды «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосының редакторы Қошан Мұстафа тізгіндеді. Ал шымылдығын ғалым-агроном, ҚР ауыл-шаруашылығы саласының үздігі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің профессоры Дәмір Әлімқұлов ашып, жиналған қауымға алғысын білдіріп, Алтай би туралы тың деректермен бөлісті.
Өз заманында аянбай қызмет етіп, әділдіктің ақ туын биік ұстанған Алтай би туралы тарихи дастанның тұсауын Байынқол Қалиұлы, Серік Негимов, Қансейіт Әбдезұлы, Нәбижан Мұхаметханұлы, Берекет Кәрібаев, Зиябек Қабулдинов, Дәмир Әлімқұлов, Қазыбекби Бүйтекұлы, Дүкен Мәсімханұлы кесті.
«БҰЛ — ҚҰБЫЛЫС»
Жиынға келген қонақтарға кітап таратылып берілгеннен кейін сөз тізгіні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері Серік Нығметоллаұлына берілді.
“Бүгін ортамызға бес қаруын асынған, елін қорғаған, туған жерінің топырағын күннің көзінше сүйіп аялаған Алтай батыр, Алтай би оралып отыр. Ортамызға тірі күйінде оралды. Рухы тірілгендей, сөзі айтылғандай күйдеміз. Халқымызда ежелден айтылып келе жатқан сөз бар: “Хан болсын, ханға лайықты заң болсын. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын. Би болсын, би түсетін үй болсын. Аты болсын, жорық жорыр батыр болсын”. Мемлекеттің тірегі хан, абыз, батыр, би. Біздің заманымызға дейін Мөде қағаннан бастап, барлық батыр, баба, би, абыздарымыз елімізді қорғады. Олардың ішінде Алтай би де бар. Мына тарихи жазбада басынан аяғына дейін Алтай бидің ерлігін, болмысын, қаһармандық ерлігін, ұлағатты сөздерін ойдағыдай жеткізген біздің ортамыздағы өзі зерттеуші, өзі ақын — Дүкен Мәсімханұлы. Ол Алтай биді жырлап, қайта тірілткен. Бұл — құбылыс. Тарихи дастан жазу екінің бірінің қолынан келмейді”, деді Серік Нығметтолаұлы.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Байынқол Қалиұлы “Алтай би” дастанын талдап берді.
“Алтай би анау-мынау дастан емес, бұл — тарихи дастан. Мұны жазған Дүкен Мәсімханұлы жалғыз ақын емес, ғалым, Шығыстану институтының директоры, жақсы публицист. Еңбегі үшін Алтай би ұрпақтарының атынан рахмет айтқым келеді. Дастанда бірінші, екінші тарау деп айтылмаса да, төрт тарауға бөлуге болатын секілді. Бірінші тарау — батырлығы, екінші тарау — билігі, үшінші — төрелігі, төртіншісі — даралығы. Дүкен бірінші тарау деп тұрған жолымды “Алғашқы жорық” деп атапты. Онда Алтай би атамыздың ерлігін, батырлығын сипаттаса, екінші тарауды “Тура биде туған жоқ” деп, Алтай бидің билігі туралы сөз етеді. Үшінші тарауды “Тұңғыш төрелік” деп атап, бабамыздың алғаш жасаған төрелігі туралы айтса, төртінші тарауда даналығын айтады. Міне, осылайша, Алтай бидің бір басындағы бірнеше ерекшелігін қозғай кетеді. Маған қатты ұнағаны Дүкен жырда ертедегі қиссалардың дәстүрін сақтаған”, деді Байынқол Қалиұлы.
«БҮГІН АЛТАЙ БИДІ ҚАЗАҚ ТҰҒЫРЫНА ШЫҒАРДЫҚ»
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері Қансейіт Әбдезұлы Алтай биді ұрпаққа дәріптеу керегін айтты.
“Ақ Ордамыз — Ұлттық кітапханада қасиетті кітаптың тұсауы кесіліп отыр. Ел болатын халық ең бірінші өз тарихын білу керек. Тарихын білмеген елдің болашағы жоқ. Тарихты жасаған тұлғалардың бірі — Алтай би. Бұны Алтай батырдың ұрпақтары ғана емес, бүкіл қазақ елі дәріптеп, насихаттау керек. Бүгін Алтай биді қазақтың тұғырына шығардық. Қазақтың тағдыры, тарихы, ертеңі үшін, болашағы үшін қазақтың төріне шығарып, осындай жиын жасап отырғандарға рахмет айтамын. Қазір артында жоқтаушысы жоқ бабаларымыз бар. Ал Алтай би бабамыздың жолы болды. Артында мықты ұрпағы бар. Дүкеннің қаламынан осындай дастан туғанына қуаныштымын. Құттықтаймын. Мен кітапты түгел оқып шықтым. Барлығы ұнады”, деді Қансейіт Әбдезұлы.
Алтай би Жетісу өлкесін Жоңғар шапқыншылығынан қорғауда батырлығымен, әрі әділдігімен есімі елге танымал болған би. Сол кездегі қазақтың төбе билері Қазыбек би, Әйтеке би, Төле билермен ақылдаса отырып, қазақ халқының Абылайдың ақ туының астына бірігіп, елін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге тікелей араласқан тұлға. Бұл туралы Әл-Фараби атындағыҚазҰУ жанындағы Қазіргі заманғы қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы айта кетіп, дастан туралы ойын бөлісті.
“Дүкен бауырымды кесек дастан шығарғанымен құттықтаймын. Мен өзім дастан оқымағалы көп жыл болды. Мына дастанды оқып, тоқтай алмай, аяғынан бір-ақ шықтым. Сондай көркем, керемет, кейіпкерді ерекше сомдаған. Ішіндегі ақыл-парасаттар, даудағы шешімдер адамды баурап әкетеді. Дүкеннің дастанын оқып, жаңа қырынан таныдым. Расында, Дүкенді жырау деп айтуға болады екен”, деді Нәбижан Мұхаметханұлы.
ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Бақытжанұлы «Алтай би» дастанындағы көркемдік шындыққа тоқталып өтті.
”Рухани өміріміздегі керемет оқиғаның куәсі болдық. Керемет туындының тұсауын кестік. Дүкеннің шығарған еңбегі жартылай тарихи, жартылай әдеби. Дүкен бауырымыздың мына еңбегі қазақтың бес мыңжылдық тарихындағы ең ауыр болған 18 ғасырдың оқиғасын баяндайды. Ол кезде қазақтың жойылып кету қауіпі бар еді. Ал Алтай би секілді батыр бабаларымыздың арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Сондықтан елге еңбегі сіңген бабаларды дәріптеу қажет”, деді Береке Кәрібаев.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы «Қазақтың билер соты және оның «Алтай би» дастанындағы көрінісі» тақырыбында баяндама жасап, дастан туралы ойымен бөлісті.
“Алтай би бабамыздың әруағы қолдап жүрсін. Дүкен Мәсімханұлының осы тарихи дастанды жазғаны дұрыс болды. Ол бір жағынан ғалым, бір жағынан ел патриоты. Елім, жерім деп тоқсаныншы жылдары елге келген адам. Оның патриоттығы ең жоғары. Тарихымызды, салт-дәстүрімізді сақтап қалуға ұмтылып, бабаларымыздың ерлігін дәріптеп жүр”, деді Зиябек Ермұханұлы.
Сондай-ақ, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Айбол Баратбекұлы Алтай бидің тарихи тұлғалар тізіміне енгенін айтып бір қуантса, алдағы уақытта көше атын беруге мүмкіндік барын айтып бір қуантты. Кеген ауданы мен Еңбекшіқазақ аудандарынан ұсыныс келіп түскенін, алда рұқсат етілсе көше атын беруге болатынын айтты.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»уақытында Жетісу өңірі қазақтары Сарыарқа, Қаратау, Түлкібас пен Қазықұрт өңірлеріне босып кеткен еді. Енді азат етілген аймаққа солжерлерден халықты қайтаруды іске асыруды қолға алған тұлғалардың көш басында Алтай би Найманбайұлы тұрды. Бұл туралы Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нөкербанұлы айтты.
“Елдің тарихын, жердің тарихын, қазақи болмысты толығымен жария етуге әлі де біздің көп уақытымыз керек. Өйткені, “аттың тұяғы тозатын, құстың қанаты талатын” ұлаң байтақ даламызды бізге мирас етіп қалдырған бабаларымызды көптеп жарыққа шығару керек. Соның бірі де, бірегейі Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді жалғастырып келе жатқан Алтай би туралы дастан шықты. Біз бақыттымыз депесептейміз. Ұлы бабаларымыздың ерлік еңбегін баяндауға мүмкіндік көп болсын, ағаларымыздың жазары көп болсын, жазған дүниені оқитын ұрпақ көп болсын”, деп тілегін білдірді Алмасбек Нөкербанұлы.
Жиын барысында белгілі жазушы Тұрдақын Жексенбай Дүкен Мәсімханұлына екі кітабын сыйлап, батасын берді. Ал белгілі ақындар Қастер Сарқытаханұлы мен Мақсат Ережеп арнау өлең оқыды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры Дүкен Мәсімханұлы келген қонақтарға алғысын білдірді.
“Бүгін Алтай би туралы жан жақты айтып, жеткізді деп ойлаймын. Соңғы жылдарда баспасөзде де, басқа сөзде де кереғар, керітартпа сөздер көбейіп кетті: “Қазақта батырлар көбейіп кетті. Оның бәрі қайда жүрген бұрын?” деген секілді сөздер. Мысалы, 1845 жылы Кенесары ханның қайтыс болуымен Қазақ хандығы жойылды. Содан кейін батырлар туралы, хандар туралы, билер туралы айтуға түбегелі тыйым салынды. Одан бері ХХ ғасырда патшалық Ресейдің, қызыл империяның тіс-тырнағы бата түсті. Содан кейін “Чапаевтан басқа батыр бар” десе, сенбейтіндер болды. Бізде батыр бабаларымыз көп. Тек оларды зерттеп, халыққа дәріптеу қажет.
Мен 2022 жылы конференцияда “Алтай бидің тұлғалық бейнесі” деген баяндама оқыдым. Алтай би қоғамдық кеңесінен “батыр туралы жазсаң” деген өтініш келіп түсті. Міне осылайша, қолымызға қалам алып, жарты жылдың арғы-бергі жағында тәмамдалды. Осындағы кісілердің сөзіне қарағанда дастан сәтті шыққан болу керек. Алтай би бабамызды ұлықтауда сауатты әрекет етіп жатқан батырдың ұрпақтарына алғыс айтқым келеді” деді Дүкен Мәсімханұлы.
Жиын барысында өлең де оқылды, ән де айтылды, домбыраның үні де естілді. Жиынның қадірлі қонақтарына сый-сияпат табысталып, иықтарына шапан жабылды.
Іс-шараға себепші болған Дүкен Мәсімханұлы мен оның жары Айнұр Әбиденқызына шапан сыйға берілді.
Жиын қорытындысында «Найманбайұлы Алтай би» қоғамдық бірлестігінің басшылары Дәмір Мәлімбекұлы мен Қазыбекби Бүйтекұлы сөз сөйлеп, қоғамның жоспарымен бөлісті. Қоғамдық бірлестік алда Алматы облысының Кеген ауданын Саты ауылынан жер телімі алынып, Алтай биге арнап, саябақ жасауды жоспарлауда.
Іс-шара соңы “ Атамекен” әнімен қорытындыланды.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының баспасөз қызметі