Туған қалам – Семейім!

Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын, балалық шағы өткен, алғаш армандауды үйреткен туған жері болады. Мен үшін сондай қасиетті мекен – Семей қаласы. Бұл – менің кіндік қаным тамған, өскен ортам, өткенім мен болашағым тоғысқан туған қалам. Семей – жай ғана қала емес, қазақ руханияты мен мәдениетінің ордасы. Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, дана ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы, әлемге танылған жазушы Мұхтар Әуезов – барлығы да осы өлкеден шыққан. Семейдің топырағы осындай ұлы тұлғалардың ізімен киелі бола түскен. Бұл қала – Ертіс өзенінің жағасында орналасқан, табиғаты көркем, адамдарының жүрегі кең, қонақжайлығы ерекше мекен. Ертістің мөлдір суы, самал желі, көктемде бүр жарған ағаштар мен жазда жайқалған жасыл желек – бәрі-бәрі де туған қалама деген махаббатымды арттыра түседі. Семей – білім мен мәдениеттің орталығы. Мұнда көптеген мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары бар. Жастар ғылым мен өнерге құштар, ал үлкендер ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. Қаланың тыныс-тіршілігінде ұлттық салт-дәстүр мен заманауи жаңашылдық үйлесім тапқан. Семейдің тарихы да терең. Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күрес жолында бұл қаланың да өзіндік орны бар. Кеңес заманындағы сынақ алаңдары, ядролық қаруға қарсы қозғалыстар – барлығы да осы өлкеден бастау алған күрескерлік рухтың белгісі. Мен туған қаламмен мақтанамын. Қай қалаға барсам да, Семейімнің жылы ауасын, таныс көшелерін, балалық шақтың тәтті естеліктерін сағынамын. Қаланың әр бұрышы – мен үшін қымбат. Әр көшесінде балалық күнімнің ізі бардай сезіледі. Семей – менің жан дүниемнің бір бөлшегі. Ол – менің тарихым, үмітім, арманым. Осындай бай тарихы, терең руханияты бар қалада дүниеге келгенімді үлкен бақыт деп санаймын. Туған жерге туың тік дейді халқымыз. Мен де ер жетіп, еліме еңбек етсем, туған қалам – Семейімнің атын асқақтата бергім келеді!

 

Нұрасыл ТӨЛЕУБЕК,  Абай облысы білім басқармасы, Семей қаласы білім бөлімінің

“Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясы” КММ, 11 – сынып оқушысы