Сәтбаев университетінің жас ғалымдары өндірістік инновацияларды дамытуда тың жетістіктерге қолжеткізуде

Screenshot
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жас ғалымдары отандық ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында ауқымды нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл туралы университеттің Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD докторы, металлургия және кен байыту кафедрасының аға оқытушысы Ерік Серікұлы бүгін елімізде алғаш рет ұйымдастырылған I Жас ғалымдар форумында мәлімдеді.
— «Бүгін мен үшін ерекше күн – елімізде Ғылым күніне арналған форумға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Баршаңызды ғылым күнімен құттықтаймын!» — деді Ерік Серікұлы өз сөзінде.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Сәтбаев университетінде «Жас ғалым» және жас ғалымдарға арналған гранттық бағдарламалар аясында 109 жоба 4,5 млрд теңге көлемінде қаржыландырылып, сәтті жүзеге асырылуда. Бұл жобалар мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, машина жасау, энергетика, экология, құрылыс, IT және жасанды интеллект сияқты еліміздің негізгі салаларын қамтиды.
— «Білім, ғылым, өндіріс және бизнестің өзара байланысы жас мамандарды сапалы даярлауға үлкен мүмкіндік беріп отыр», — дейді жас ғалым.
Форум барысында Ерік Серікұлы өзінің «Жас ғалым» жобасы аясында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысы туралы да баяндады. Ол металлургия саласындағы қиын балқитын, байытылуы күрделі қорғасын-мырыш кендерін қайта өңдеу технологиясын әзірлеген. Бұл технология сульфидті күйдірумен термиялық белсендіру әдістерін қолдану арқылы кенді өңдеу процесін едәуір қарқындатады.
Жоба аясында әзірленген әдіс өндіріс өнімдерінен қорғасынмен мырышты тиімді бөліп алуға мүмкіндік береді. Жылдық қуаттылығы 5000 тонна концентратты құрайтын технологияның экономикалық тиімділігі жоғары – жоба өтелімі небары 1,5 жылды құрайды.
Аталған технология «VegaSmelting» ЖШС-де сынақтан өтіп, өндірістік тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде өндірістік шығындар азайып, экологиялық жүктеме төмендеген.
— «Ғылым — бұл тек теория емес, ол адамның өміріне нақты пайда әкелетін құрал. Бүгінгі инновациялар тек өндірісті ғана емес, өмір сапасын да жақсартуға қауқарлы. Менің жобам — соның бір дәлелі», — деп қорытындылады сөзін жас ғалым.
Ол сонымен қатар, жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп отырған барша ұйымдарға ризашылығын білдіріп, ғылым арқылы ел болашағын бірге қалыптастыруға сенім білдірді.