«Рухы биік қоғам — таза табиғат үшін» экологиялық акциясы өтті

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында, «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2025 жылғы 24 қазанда Желтоқсан–86 саябағында «Рухы биік қоғам — таза табиғат үшін» атты экологиялық акция өтті. Іс-шара 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Ләззат Асанованы еске алуға арналды.
Акцияға Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері, белсенді жастар және қала тұрғындары қатысып, саябақ аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, сенбілік жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар табиғатты қорғау мен тарихи жадыны сақтау бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар үшін «Тәуелсіздік жолымен» атты тарихи экскурсия ұйымдастырылып, Желтоқсан оқиғасының маңызы мен ел тәуелсіздігі жолындағы ерлік туралы кеңінен мағлұмат берілді.
Аталған акцияның басты мақсаты — Желтоқсан қаһармандарының ерлігін кеңінен насихаттау, сондай-ақ жастардың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық пен қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.



