«Көңілді кеш, көтеріңкі көңіл-күй: Түрксіб жастары караокеде бас қосты»

Түрксіб ауданында апта сайын өтетін дәстүрлі караоке кештері тұрғындардың сүйікті мәдени шарасына айналып үлгерді. Іс-шара ауданның адам көп шоғырланатын орындарында ұйымдастырылып, жастар мен балалардың, сондай-ақ ересек тұрғындардың белсенді қатысуымен өтуде.
Шараның басты мақсаты – жастар мен тұрғындарға рухани серпіліс сыйлау, өнерге деген қызығушылықты арттыру және ашық алаңда шығармашылық еркіндік беру. Қатысушылар өздерінің сүйікті әндерін орындап, бір-біріне қолдау білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде би билеп, нағыз мерекелік атмосфера орнатады.
Кеш барысында кезекке тұрған қатысушылар қазақ және шетел әндерін шырқады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында танымал әндер шырқалып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кейбір тұрғындар дуэт болып ән айтып, көрермендерді тәнті етті.
Іс-шараны Түрксіб аудандық Community орталығы ұйымдастырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, караоке кеші – бұл тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар жастар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған рухани-мәдени алаң.
«Караоке – жастардың еркін өзін көрсетуіне, өнерін танытуына мүмкіндік беретін ашық алаң. Біз бұл жобаны алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді ұйымдастырушылардың бірі.
Караоке кештерінің әрқайсысына 100-ден астам адам қатысады. Түрксіб ауданында қолға алынған бұл бастама тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, мәдени өмірге тартуға және жастар белсенділігін арттыруға зор ықпал етіп келеді.