Қазақтың салт-дәстүрлері – рухани мұрамыздың негізі

Қазақ халқы – ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениеті мен терең руханияты бар ұлт. Соның бір дәлелі – ата-бабамыздан аманат болып жеткен салт-дәстүрлеріміз. Бұл – халқымыздың өмір сүру дағдысы, дүниетанымы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Салт-дәстүр – ұлттың ұлы қазынасы. Ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тәрбие мен таным мектебі. Қазақтың «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөзі бекер емес. Себебі әрбір дәстүр – белгілі бір заманда халқымыздың тіршілігіне, тұрмысына, сенім-нанымына сай пайда болған. Басты салт-дәстүрлерге тоқталсақ:

Тұсаукесер – сәбидің тәй-тәй басып жүре бастаған сәтін қуанышпен атап өту. Баланың болашағы жарқын, жолы ашық болсын деген ниетпен ақ жол тілеп, тұсауын кеседі.

Сүндет той – ер бала 4-7 жасқа келгенде жасалатын ұлттық дәстүр. Бұл – баланың ер жетуінің алғашқы белесі.

Беташар – келін түсірген үйдің үлкен бір салтанаты. Бұл дәстүрде жас келін жаңа туыстарымен таныстырылады, үлкендер батасын береді.

Қонақ күту – қазақ халқы үшін ерекше қасиетті дәстүр. «Қонақ келсе, құт» деп білген халқымыз үйіне келген әр мейманға төрінен орын беріп, дәм ұсынып, сыйластық танытқан.

Ас беру, жеті шелпек, құдайы тамақ – ата-баба аруағын құрметтеу, өткенге тағзым ету дәстүрлері.

Наурыз мейрамы – жыл басын қарсы алатын үлкен ұлттық мейрам. Бұл мерекеде адамдар бір-біріне ақ тілек айтып, реніштерін ұмытады.

Дәстүр – тәрбиенің діңгегі. Қазақтың салт-дәстүрлерінің барлығы да тәрбиелік мәнге ие. Үлкенді құрметтеу, кішіні ізеттеу, ата-анаға қызмет ету, ел мен жерді сүю, адамгершілік пен адалдық – барлығы да осы ұлттық құндылықтар арқылы бала бойына сіңеді. Бүгінгі таңда кейбір салттар ұмытылып бара жатқандай көрінгенімен, жастар арасында дәстүрге бетбұрыс байқалады. Ұлттық мейрамдарды атап өту, ата-ананың ақ батасын алу, салтты жаңғырту – ұлт рухының қайта оянуының белгісі.

Қорытынды

Қазақтың салт-дәстүрлері – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Ұлттық болмысымызды сақтап, ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдана білсек, болашағымыз да жарқын болмақ. Себебі дәстүрі мен діні сақталған елдің іргесі берік, рухы биік болады.


Нұрасыл ТӨЛЕУБЕК ,

Абай облысы білім басқармасы, Семей қаласы білім бөлімінің

“Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясы” КММ, 11 – сынып оқушысы