Қазақ халқының дәстүрлі аспабы – домбыра

Домбыра — қазақ халқының көне мәдениетінің, рухани болмысының, ұлттық кодтың ажырамас бөлшегі. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра, дала әуенін, елдің тарихы мен тағдырын жеткізетін киелі аспап. Сыры мен сазын бойына сіңірген домбыра — қазақтың жүрек үні, жан серігі, рухани тірегі. Домбыраның шыққан тарихы өте тереңде жатыр. Археологиялық деректер мен этнографиялық мәліметтерге сүйенсек, екі шекті бұл аспаптың түп-тамыры көне Түркі өркениетіне, сақ дәуіріне дейін жетеді. Ал Х ғасырдан бастап домбыра қазақ халқының төл аспабы ретінде қалыптаса бастаған. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол – шежіре. Қос ішектен төгілген күй арқылы батырлар жорығы, елдің тарихы, халықтың мұңы мен қуанышы бейнеленеді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина сияқты ұлы күйші-композиторларымыздың шығармалары арқылы қазақ халқының рухы, ішкі жан дүниесі көрініс тапқан. Домбыра – тәрбиелік мәні зор аспап. Ол адамның эстетикалық талғамын тәрбиелейді, сабыр мен салауатқа баулиды. Бүгінде мектеп бағдарламасына домбыра сабағы енгізіліп, ұлттық музыкаға деген қызығушылық артып келе жатқаны — қуанарлық жағдай. Сонымен қатар, 2018 жылы ЮНЕСКО домбыра күйін адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. Бұл – қазақ халқының мәдени байлығының әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі. Шілде айының бірінші жексенбісі елімізде Ұлттық Домбыра күні ретінде аталып өтуі де – осы киелі аспапқа деген құрметтің бір белгісі. Бұл күн халықтың рухын көтеріп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды мереке ретінде жыл сайын кең көлемде тойланып келеді. Қазіргі таңда домбыра тек қазақ даласында ғана емес, шетелдік сахналарда да шырқалып жүр. Заманауи өңдеулермен үндесіп, жастардың жүрегіне жол тапқан бұл аспап — нағыз ұлттық брендке айналды. Домбыра – өткен мен бүгінді жалғаушы алтын көпір. Оның үні – даланың тынысы, елдің үміті, халықтың рухы. Ұлттық болмысымызды сақтап, оны болашаққа аманат ету үшін әрбір қазақ баласының жүрегінде домбыра үні жаңғырып тұруы керек.


Нұрасыл ТӨЛЕУБЕК,  Абай облысы білім басқармасы, Семей қаласы білім бөлімінің

“Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясы” КММ, 11 – сынып оқушысы