Ғылыми танымымның қайнар көзі

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бұл менің өмірімде ерекше орын алған, болашағыма бағыт-бағдар берген, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік берген орын. ҚазҰУ мен үшін тек білім ордасы ғана емес, ол менің армандарымның, үміттерімнің және болашаққа деген сенімімнің іске асатын жері.

ҚазҰУ-ға деген махаббатым уақыт өте келе қалыптасты. Алғашқыда бұл мен үшін тек үлкен ғимараттары мен кең аулаларында қыдыруға болатын жайлы университет сияқты көрінген. Бірақ оқу басталғанда, менің көзқарасым түбегейлі өзгерді. Әр сабақ, әр лекция – жаңа бір ашылмаған әлем сияқты. Оқытушылардың кәсіби біліктілігі, әрқайсысының өз саласында терең білім мен тәжірибесі мені қатты таң қалдырды. Олар тек пәндерді ғана емес, өмірлік білім мен құндылықтарды да үйретеді. Олардан алған әрбір жаңа идея мені одан әрі ұмтылуға, ізденуге жетеледі.

ҚазҰУ-да жүргенде мен тек оқып қана қоймай, өзімді зерттеуші, ізденуші, шығармашыл тұлға ретінде сезіндім. Докторанттық өмірімнің алғашқы күндерінен бастап-ақ ғылыми жобаларға қатысу, конференцияларда сөз сөйлеу, өз ойымды ашық білдіру мен үшін үлкен жауапкершілік пен қуанышқа айналды. Бұл университет мені тек маман ретінде емес, адам ретінде қалыптастырды. ҚазҰУ-да алған білім мен тәжірибе мені тәуелсіз, жауапкершілікті, мақсатқа жетуге ұмтылатын тұлға етті.

ҚазҰУ – бұл менің өз болашағымды бейнелейтін орын. Оның қабырғасында менің арманым қанат жайды. Бұл университеттің мені үйреткені тек пәндік білімдер емес, сонымен қатар өмірлік құндылықтар, өз-өзіңе деген сенімділік және үнемі ізденіс үстінде болу. Мен ҚазҰУ-ды өзімнің рухани, интеллектуалдық жолымның бастауы деп санаймын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
I курс докторанты А.А.Айдарбекова,
PhD, доцент м.а. Н.А. Утемгалиева,
Ф.ғ.д., профессор Р.А. Авакова.