Forte Bank қазақ тілін ғана емес, қазақ медиасы мен тарихын да менсінбей ме?
Өткен аптада Forte Bank-тің бос жұмыс орны туралы хабарландыруындағы «қызметкерге қазақ тілін білу маңызды емес» деген сөз көпшіліктің наразылығын тудырған еді, деп хабарлайды Jarshy.com саяси- ақпараттық порталы, 7kun.kz порталына сілтеме жасап
Forte Bank болса мұны жасанды интеллектке жаба салды. Жасанды интеллектен кеткен қателік деп жауап берді.
Артынша Facebook-те блогерлердің көмегімен бірнеше жазба жариялады. Онда банктің мемлекеттік тілді қолдайтын бірнеше жобаны қолға алғаны туралы айтылған.
«Мысалы, «Mazmundama» қорының екі әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударуына толық демеушілік етеді. Есік қаласында биыл қазақ мектебінің құрылысын аяқтайды. Өз ішінде де банк мемлекеттік тілді бизнес процестерге сәтті енгізіп келеді. Қызметкерлер ана тілімізде сөйлейді», дегенді бірнеше блогер сөзбе-сөз қайталап шықты.
Бізге атын атауды қалмаған PR маманы бұл өте сәтсіз кейс болды, дейді.
«Банктің кешірім сұрап, қателіктің реттелетіні туралы айтқаны дұрыс болғанымен, аудиторияға ақпаратты блогерлер арқылы ақылы посттармен жедел жеткізгісі келгені сәтсіз кейс болды. Жағдайды реттеуге асыққан банктің мәселені шешуді агенттікке немесе жекелеген адамдарға беріп, процессті соңына дейін қадағаламағаны, ақылы пост жазған блогерлерді білмейтіні, қазақтілді БАҚ, медиамен байланысы жоғы байқалады. Қазіргі кезде қазақ аудиториясында ақылы посттарға қарсылық бар. Ақылы постардың жарнама ретінде белгіленбеуі, ақпараттың бұрмалануы, манипулацияға жол беру көп адамның наразылығын тудырады. Бұл жерде банкті ақтап алуға емес, ақпарат таратуға көбірек сүйену керек еді. Мүмкін банктің жоспары солай болған шығар. Бірақ, көрініс басқаша болды», дейді маман.
Ақылы постар сериясынан кейін бұл тақырып ушығып, кейбір адамдар банктегі шоттарын жаба бастады. Олардың қатарында QAZBILIM GROUP компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан да бар. «Жас алаш» газетіне берген ақпаратына қарағанда білім беру бағытындағы компаниялар тобының құрамына кіретін 8 компания Forte-дегі шотын жапқан. Олардың қызметкерлері ай сайын Forte-ден 250 млн теңге жалақы алып отырған.
Банк қанша ақталып, ақпарат таратып баққанымен қазақ тіліне құрметі туралы экс-қызметкерлері де айтып үлгерді. Бұл туралы janabastau.kz сайты жазды.
«Forte Bank – тің мәселесіне барлығы жазып жатыр. Forte Bank -тің өзі де жазып жатыр. Роботтың жіберген қателігі емес. Осыдан 3-4 жыл бұрын Forte Bank -те жұмыс жасаған кезде бұл система әлі де актуалды еді. Орыс тілін білетіндерге немесе орыс тілін міндетті түрде білетіндерге жұмыста көтерілуге жоғары мүмкіндік жасалатын да, қазақ тіліне айтарлықтай көңіл бөлінбейтін. Қатты көңіл бөлінбейтін, сол себепті айтылып жатқан соңғы посттарындағы қазақ тілін құрметтеуге байланысты, роботтың жіберген қателігіне байланысты оның бәрі өтірік әңгіме», – дейді банктің бұрынғы қызметкері Мағжан Ысқақов.
Банктегі тіл мәселесі, жіберілген ағаттықты ақтап алу операциясы сәтсіз болғанын байқаймыз. Даулы тақырыптан банкті 9 мамыр мерекесі, ертеңінде Бишімбаевқа шыққан үкім құтқарды. Аудиторияның назары қос тақырыпқа ауып кетті. Алайда тақырыптың басы ашық. (Жалпы қазақ тілі мәселесі тек Forte-де ғана емес, барлық банктерде барын айтуымыз керек). Сондықтан біз мәселеге тереңірек үңіліп, оқырманға шынайы жағдайды жеткізу үшін Forte-ге сауалхат жолдаған едік. Алайда банктің PR-директоры Асель Тынышбекова, 6 сұраққа алты ауыз да жауап берместен бұған дейінгі мәлімдемесін қайта жолдап, «Больше комментариев нет» бір ауыз сөз жолдапты. Бұл жауапты да жасанды интеллект жолдаған шығар деп түйдік. Осылайша тілге қырын қараған банк, қазақтілді БАҚ-қа да басқаша қарап отыр.
Тіл ғана емес, тарихты да сыйламайды
Forte-нің иесі олигарх Болат Өтемұратов екені белгілі. Таныстырып, бизнесін санамалаудың өзі артық. Forbes бастап, басқалары қостап, күн сайын жазып жатыр. Біз Өтемұратовтың иелігіндегі тағы бір нысан – Narxoz University туралы айта кеткіміз келеді.
Бүгін Сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауал жолдап, Т.Рысқұловтың атын Нархоз университетіне қайтару туралы мәселе көтерді.
«2000 жылы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сияқты ел ағаларының бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, кеңестік «Нархоз» атауын таңдап, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ. Таяуда бір топ зиялы қауым өкілдері Тұрардың атын университетке қайтару керек деп хат жазған екен. Сондықтан Алаш арысы Тынышбаевтың есімі Логистика және көлік академиясына қайта берілгені сияқты, бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз», деді сенатор.
2016 жылы мекеменшікке өтіп, Үкімет Қаулысымен берілгеніне қарамастан Т.Рысқұловтың атынан бастап, бас ғимарат алдындағы ескерткіші де жасырын алынып тасталған. Университет сайтындағы тарихынан Т.Рысқұловқа қатысты деректің бәрін жойған. Сөйтіп тарихқа балта шауып отыр. Зиялы қауым бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. «Егемен Қазақстан» бастап, көлемді мақалалар жазды. Алайда Өтемұратов бастаған иелері үнсіз. Сонда бұлар Forte-сі, Narxoz-ы бар, қазақ тілін ғана емес, қазақ медиасы мен тарихын да менсінбей ме?
Forte Bank-ке мұнда айтылған мәселелерді сауал деп санап, жауап беруін сұраймыз. Қазақ тіліне де, медиасына да, тарихына да жанашыр болуы мүмкін ғой. Бізге тек ақпарат жетпей жатқан болар… Айтпақшы жақында GPT4-4o шықты. Қазақшасы өте жақсы. Егер қазақтілді маман болмаса, жүгінуге болады. «Больше комментариев нет» дегенге қарағанда жан-жақты жауап береді.