Дулат Тастекей: “Шығындардың табыстан асуы – кедейліктің формуласы”
Белгілі меценат Дулат Тастекей қарызға белшесінен батқан адамдардың неліктен несиеге қайта оралатынына тоқталды. Ол кедейлікке алып келетін формулалармен бөлісті.
Меценат көтерген мәселенің бірі – қазақтың тойына қатысты. Дулат Тастекейдің айтуынша, көп адам жағдайы жетпесе де, қарыз алып, той жасауға құштар.
“Қазақтың тойы — ерекше процесс қой. Қонақтар конвертпен, ақшамен келеді. Егер тойды ұйымдастыруға кеткен қаражат келетін қаражатпен тепе-тең түссе, той жасауға болатын шығар. Ал тыраштанып жасаған той одан сайын шығынға батырса, ондай тойды жасамау керек. Көрсеқызарлықпен телефонды, гаджетті, киімді, тіпті азық-түлікті кредитке алады. Неге? Өйткені, өзінің қаражатын басқа нәрселерге жұмсап, тұтынушылық қарызға белшесінен батады. Ондай адамның номиналды табысы болғанымен, оның табысы шығындарынан аспайды”, — дейді Дулат Тастекей.
Кәсіпкер табыстың шығындардан көп болуы – байлықтың, шығындардың табыстан асуы – кедейліктің формуласы екенін айтады.
“Егер адам өзінің шығынын азайтып, табысын мен біліктілігін арттыруға қадам жасаса, жағдайын жақсарта алады. Біз осыны мемлекет шешетін мәселе ретінде қарастырамыз, шын мәнісінде, бұл – әрбір адамның жеке таңдауы. Осыдан бірнеше жыл бұрын халықтың несиелерін кешірген сәттер болды. Ал несиесі кешірілген адамдар, қарызын жаба сала, басқасын алды”, — деді меценат.