«Атамұра» баспасынан 3-сынып оқушыларына арналған ұлттық құндылықтарға баулитын «Бейнелеу өнері» оқулығы жарық көрді

Жалпы білім беретін мектептерде бұған дейін екі пән бірігіп, «Көркем еңбек» болып оқытылып келді. Биылғы оқу жылынан бастап «Бейнелеу өнері» жеке пән ретінде мектептерге жол тартты.

«Атамұра» баспасының 3-сыныпқа арналған жаңа «Бейнелеу өнері» оқулығындағы әрбір сабақ оқушылардың шығармашылық қабілетін, креативті ойлау дағдысын, эстетикалық талғамы мен жас ерекшелігін ескере отырып дайындалған. Оқушылар графика, кескіндеме, мүсін мен сәулет өнері және қолөнерге қатысты қызықты мәліметтер алып, бейнелеу өнері түрлері туралы білімдерін әрі қарай жетілдіреді. Сонымен қатар сурет өнерінің натюрморт, пейзаж, портрет жанрында әр алуан сурет салуға үйренеді. Еліміздің және әлемнің әйгілі суретшілерінің туындыларымен танысады.

Оқушылар натюрморт салғанды ерекше жақсы көретіні анық. Өйткені натурадағы заттар қозғалмайды, бұл сурет салуға ыңғайлы. Оған қоса заттарды өз бетінше орналастырып, композиция құрастыруға да болады. Әртүрлі сызық, штрихтармен заттың жарық, көлеңкесін көрсетуге де мүмкіндік бар. Оқушылардың натюрморт салу арқылы тағы қандай дағдыларды меңгеретінін оқулық бойынша талдап көрейік. Мысалы, «Ұлттық натюрморт саламыз» тақырыбынан оқушылар еліміздің белгілі суретшілерінің натюрморттарымен танысады. Суретшілердің туындыларына қарап, айналасындағы заттар мен табиғаттың әсемдігін байқауға дағдыланады. Тақырыптағы сұрақтарға жауап беру арқылы натюрморттардың қайсысы шынайы, қайсысы сәндік екенін табады. Оны қандай белгілеріне қарап анықтағанын түсіндіріп, өз ойын еркін жеткізе алады.

Оқушылар картиналардың пішіміне назар аударады. Заттарды түрлі пішімге салу арқылы натюрмортты әртүрлі етіп көрсетуге болатынын ұғынады. Заттарды тік пішімге салса, онда натюрморт биік әрі әсем көрінеді. Шаршы пішімге салынған натюрмортта адамның назары бірден суреттің ортасына ауады. Ал көлденең пішімге салынған натюрмортта тұрақтылық сезіледі. Оқушылар бейнелеу өнерінің осы ережелерін білу арқылы графика құралы – қарындашпен сурет салу тәсілдерін, өнердің қыр-сырын меңгереді. Сурет салуға қолы жаттығады.

Оқушылар сабақ барысында торсық, кесе және алманың натюрмортын салады. Бірнеше заттан тұратын натюрморт салу үшін оларды дұрыс топтастыруды, яғни шешім қабылдауды үйренеді. Алуан түсті бояуларды араластырып, қажет түстерді шығарып натюрмортты бояйды, осылайша оқушылар түстерді таниды, талғамы қалыптасады, тәжірибе жасай алады. Салған суретінің нәтижесін көріп, сенімі күшейеді, өзін-өзі бағалай алуға қалыптасады.

Ұлттық ыдыстың суретін салып, оны ою-өрнектермен сәндеу арқылы халқымыздың тарихына, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, мәдени мұрасына ынтасы артып, ұлттық құндылықтар – рухани байлығымыз әрі тәрбиенің түп қазығы екенін түсінеді.

Оқушылар салған суреті мен жасаған бұйымын туған-туыстарына, достарына сыйлайды немесе үйі мен мектебін безендіреді. Бұл оқушыларды әсемдікке баулып, ізетті әрі кішіпейіл болуға тәрбиелейді.

Оқулықтың электронды нұсқасында оқушылардың қызығушылығын оятып, танымын дамытатын интерактивті тапсырма, аудио-видеолар, сурет салу әдістері мен қажетті ақпараттар берілген. Электронды құрал арқылы сұрақтардың жауабы мен суреттерді сәйкестендіреді, суреттерге пішім таңдайды, заттардан үйлесімді натюрморт құрастырады, онлайн бағдарлама арқылы сурет салуға жаттығады. Оқушылар сабақ материалын меңгерумен қатар, заманауи ақпараттық құралдарды қолдануға үйренеді.

Аталған бір сабақтың аясында оқушылар көптеген дағдыларды меңгереді. Қорыта айтқанда, бейнелеу өнері – сезімтал, талғамы биік, жан-жақты, өнерге жақын, ойын анық жеткізіп, шешім қабылдай алатын тұлға тәрбилеуге игі әсер ететін бірден-бір оқулық.