Әкенің рөлі әрқашан жоғары болу керек

Биыл Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Әке – асқар тау» жобасы іске асып жатыр. Осы жоба аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерде отбасын айрандай ұйытып, әке мәртебесін абыроймен арқалап жүрген азаматтармен кездесу өткізілді. Олар жастарға әке болудың аманаты мен жауапкершілігін түсіндірді.

Әлеуметтік желілерде әкенің рөлін дәріптеуге арналған посттар салынып, көрнекі суреттер ілінді. Онда отбасы құндылығы, ер азаматтың жеке дамуы, қарым-қатынас тақырыптары бойынша психологиялық, рухани бағыттарда мәліметтер салынды.

Сонымен қатар жастар арасында «Менің әкем» атты челлендж өтіп, оған қатысушылар әкелерінің бойындағы бес жақсы қасиетті атап, бір бірлеріне эстафета жолдады. Бірі «Менің әкем сабырлы, қайсар, ақпейіл, еңбекқор, мейірімді» десе, енді бірі «Менің әкем адал, жайсаң, қайырымды, шыншыл, қайраткер» деп мақтанышпен айтып жатты.