Абай облысында Абай Құнанбай дүниеге келді

Абай облысында ерекше жаңалық тіркелді – өңірде дүниеге келген нәрестеге Абай есімі беріліп, оның тегі де Құнанбай деп жазылған. Осылайша сәбидің аты-жөні – Абай Құнанбай. Бұл оқиға ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, көпшіліктің назарын аударуда.

Желі қолданушылары бұл жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдап, «Абайдың екінші өмірі басталғандай», «Тарих жалғасып жатыр» деген сынды жылы пікірлер қалдыруда. Шын мәнінде, бұл – ұлттың ұлы есіміне деген шексіз құрметтің, тарихи жадтың, мәдени сабақтастықтың көрінісі.

Айта кетейік, биыл «Assyltas» қоғамдық қоры 10 тамыз – Абай күні дүниеге келіп, Абай есімін алған сәбилерге 180 мың теңге көлемінде сыйақы беретінін хабарлаған болатын. Бұл бастама – қазақ халқының рухани ұстазы Абайдың атын ардақтап, оны жаңа ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған игі шара.