17 ЖЫЛ КҮТКЕН ЖЕҢІС. АБАЙ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕБІ АШЫЛМАҚ
Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Себебі 17 жылдан бері арман болған Абай Ұлттық мектебі ашылмақ,- деп қуана хабарлады меценат, тіл жанашыры Дулат Тастекей әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, ақшаға құныққан азаматтардың кесірінен мектеп өз территориясынан айырылған көрінеді. Енді жаңа мектеп бұрынғы “Бөбек” қорының территориясында бой көтермек.
«Несін жасырайық, 2007 жылы ақшаға құныққан, пиғылы бар азаматтардың кесірінен территориясынан айырылған алтын ұя мектебіміздің кейінгі жылдардағы жағдайы көңіл көншітетіндей емес еді. 17 жыл бойы еліміздің әр аймағынан келген оқушылар ескі ғимаратта оқып, тозығы жеткен жатақханада тұрып келді. Жаңа жерге көшу туралы бірнеше мәрте бастама көтерілсе де, нәтижесі болмады. Жаңа Қазақстанда ғана жаңа мектебімізге қол жеткізетін болдық. Ақ түйенің қарны жарылған күн болды бүгін. Енді, дарынды да талантты, ақылды ізбасарларымыз бұйырса 2025 жылдың күзінен бастап, заманауи мектепте оқиды. Мектептің ғимаратына ғана емес, білімі мен тәрбиесіне де ерекше назар аударылады.
Мектеп миссиясы сыни тұрғыдан ойлауға, қоғамға ізгі ниетпен қызмет етуге қабілетті, адал және жауапты Қазақстанның болашақ көшбасшыларын тәрбиелеу болмақ.
Болашақта Абай ұлттық мектебінен зейіні ашық, көкірегі ояу, ұлттық мүдде жолында еңбек ететін лидерлер шығатынына шүбә жоқ. Осы жолда бізде аянып қалмаймыз, ұшқан ұямызға қолымыздан келер дүниенің барлығын жасаймыз. Жаңа мектебіміз бұрынғы “Бөбек” қорының территориясында бой көтереді»,-деді меценат Дулат Тастекей.
Абай ұлттық мектебінің іргетасын қалау рәсіміне 1988 жылғы мектеп түлегі, ҚР оқу-ағарту министрі, бірқатар зиялы қауым өкілдері және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысқан. Мәулен Сағатханұлы мектеп нық бой көтеруі үшін нақты тапсырмалар берді.
«Елімізде білім беру сапасын арттыруға үнемі басымдық беріледі. Жобаның басты мақсаты Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасына табан тірей отырып, ұлтқа қызмет ететін патриот азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу. Бұл оқу ордасы орта білімнің ұлттық брендін қалыптастыруға қосылған үлкен үлес. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта тудыру үшін ауқымды жұмыс істелмек»,-деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы.