Тілдің мәртебесі іс қағаздарынан басталады

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Тіл – татулық тірегі» жобасы аясында «Social project managment» орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы 8 ауданда арнайы кездесулер өтті. Спикер – Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет.

Семинарда спикер тіл – ұлттың ұлы қазынасы екенін, оны құрметтеу әрбір азаматтың паразы екенін айтты.  Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл — адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениетті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл, оның ішінде қазақ тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру — әрбіріміздің борышымыз.

Десек те, елімізде іс қағаздарының қазақшалануы кенжелеп тұр. Көп құжаттар алдымен орыс тілінде жазылып, артынан қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Осы туралы Бақыт Әбиірбекұлы «Кейбір аудандарда жұмыстан шығатын қызметкер жұмыстан шығу туралы өтінішті екі тілде жазады. Бірақ оны тікелей басшысы, кадр бөлімі маманы, бухгалтер ғана оқиды. Осы үш адам ғана оқитын қағазды екі тілде жазудың қажеті қанша? Қазақ тілді адам болсаңыз мемлекеттік тілде ғана жазғаныңыз жеткілікті» дейді. Сонымен қатар ол көп адамдар Конституцияның тілге қатысты баптарын түсіне бермейтінін айтты. «Тіпті көзі ашық қызметкерлердің өзі орыс тілін ресми тіл деп санайды. Ата заңда олай делінбеген. Онда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі», ал «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Ресми тіл деп тұрған жоқ, ресми түрде деп тұр» деп шегеледі ол өз сөзін.

Кездесуге әкімдік қызметкерлері, білім саласы мен денсаулық сақтау саласы өкілдері қатысты.