Жұмысқа орналасу, құқықтық және психологиялық көмек: Алматыдағы «Тең Қоғам» орталығы қандай қызмет көрсетеді?

 

Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс табу, мемлекеттік жеңілдіктерді рәсімдеу немесе күнделікті әлеуметтік мәселелерді шешу кейде күрделі болуы мүмкін. Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы осындай азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне және өз бетінше өмір сүруіне жағдай жасап келеді.

Орталықтың қызметі бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, азаматтарға жұмыс табуға, кәсіп ашуға, құқықтық мәселелерін шешуге, психологиялық қолдау алуға және мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді пайдалануға көмектеседі.

Жаңа мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар

Орталық мамандары жұмыс іздеп жүрген азаматтардың кәсіби қабілетін, біліктілігін, денсаулық жағдайы мен жеке қызығушылығын ескере отырып, лайықты бос жұмыс орындарын іріктейді.

Мұнымен қатар мемлекеттік квота бойынша жұмысқа орналасуға, жаңа еңбек ортасына бейімделуге және жұмыс орнын сақтап қалуға қолдау көрсетіледі. Орталықтың көмегімен 19 адам жұмысқа орналасқан.

Еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін кәсіптік оқыту мен қайта даярлау мәселелеріне де назар аударылады. Азаматтарға жаңа мамандық игеру, кәсіби дағдыларын жетілдіру және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту жолдары түсіндіріледі.

Жеке кәсібін бастағысы келетіндерге де кеңес беріледі. Орталық мамандары кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру, жеке кәсіп ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану жөнінде ақпарат ұсынады. Бұл азаматтардың өз табысын қалыптастырып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуіне бағытталған.

Әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді рәсімдеуге көмектеседі

Мемлекеттік қызметтерді алу, қажетті құжаттарды жинау және әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу мәселелерінде де орталық мамандарының көмегіне жүгінуге болады.

Атап айтқанда, азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік көмек пен заңнамада көзделген жеңілдіктерді алу, қажетті анықтамаларды рәсімдеу, техникалық оңалту құралдарын таңдау және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталымен жұмыс істеу кезінде практикалық көмек көрсетіледі.

Осы бағытта есептік кезеңде 65 офлайн және 169 онлайн консультация өткізілген.

Алименттен бастап тұрғын үй мәселесіне дейін кеңес береді

Орталықта құқықтық көмек көрсету қызметі де бар. Заңгер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты түрлі мәселелер бойынша кеңес береді.

Оның ішінде алимент өндіру, некені бұзу, ата-ана құқықтары, еңбек қатынастары, азаматтық заңнама, тұрғын үй мәселелері, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді рәсімдеу тәртібі қамтылған.

Есептік кезеңде заңгер 17 құқықтық консультация өткізген.

Ал психологиялық көмекке мұқтаж азаматтар орталық психологына жүгіне алады. Мамандар жеке тұлғалық қиындықтар, отбасылық қарым-қатынас, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, өзін-өзі бағалау және эмоцияларды басқару мәселелерімен жұмыс істейді.

Сондай-ақ адамның өзіне деген сенімін арттыруға, өмірлік мақсаттарын айқындауға және қиын жағдайларды еңсеруіне көмектеседі. Осы уақыт аралығында 33 психологиялық консультация өткізілген.

Қоғамнан шет қалмауына жағдай жасайды

«Тең Қоғам» орталығының тағы бір маңызды бағыты – мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік ортаға бейімделуі мен қоғамдық өмірге араласуына қолдау көрсету.

Осы мақсатта мәдени, танымдық, ақпараттық және демалыс шаралары ұйымдастырылады. Қызмет алушылардың әлеуметтік байланысын кеңейтіп, өз қабілетін көрсетуіне және қоғамдық бастамаларға қатысуына мүмкіндік беріледі.

Мамандар азаматтардың жеке қажеттіліктерін анықтап, туындаған әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Қажет болған жағдайда мемлекеттік және басқа да ұйымдарға жүгіну, құжаттар мен анықтамаларды алу кезінде сүйемелдеу көрсетіледі.

Сонымен бірге қалалық инфрақұрылым нысандарының мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігіне мониторинг жүргізіледі. Бұл олардың қоғамдық орындарға кедергісіз баруына және қалалық орта мүмкіндіктерін тең пайдалануына бағытталған.

Жалпы, Бостандық ауданындағы «Тең Қоғам» орталығының жұмысы әлеуметтік көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Мұндағы басты міндет – әр азаматтың әлеуетін ашуға, еңбек етуіне, экономикалық дербестігін қалыптастыруына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау.