АБАЙ ІЛІМІ – БАЛАМАСЫЗ БАЯНДЫ БАЙЛЫҚ



Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Абай ілімі» пәні аясында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «АБАЙ ІЛІМІ – БАЛАМАСЫЗ БАЯНДЫ БАЙЛЫҚ» атты танымдық интерактивті кеш өтті. Білім мен ғылым тоғысқан кештің басты мақсаты – Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын жастарға кеңінен таныту, «Абай ілімі» пәні аясында ақынның рухани құндылықтар жүйесін терең дәріптеу.
Бірнеше сағатқа созылған тағылымды іс-шараға Абай институтының ғалымдары, оқытушылары, ұлттық университеттің 1 курс студенттері қатысты. Атап айтқанда, кешке филология факультетінің: «Қазақ филологиясы», «Әдебиеттану», «Шетел филологиясы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Аударма ісі», «Қолданбалы қазақ тілі», «Түркітану», «Екі шетел тілі» бөлімдерінің қазақ, орыс топтары, журналистика факультетінің «Кино медиа», «Медиакоммуникация» бөлімі, тарих факультетінің «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» бөлімі студенттері қатысып, алдын ала берілген тапсырмалар бойынша әрқайсысы ұлы ақын мұрасын ойшылдың ілімі арқылы зерделеп, тыңғылықты дайындалған топтық жұмыстарын қорғады.
Кеш барысында студенттер Абай мұрасын бірнеше бағытта зерделеп, ақын шығармашылығының терең мазмұнын түрлі шығармашылық және ғылыми жұмыстар арқылы танытты. Дәлірек айтқанда, ізденушілер Абай ілімінің негізгі ұстанымдары бойынша түрлі бағыттағы тапсырмаларды орындады, ақынның пайымы терең ойларынан түрлі пікірталастар ұйымдастырып, сахналық қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды. Ғылыми жобалар мен мазмұнды презентациялар арқылы студенттер Абай мұрасына қатысты өздерінің пайымдауларын түрлі форматта ұсынды. Мәселен, «Қазақ филологиясы» бөлімі «Абай ілімі» атты арнайы баннер, «Әдебиеттану» бөлімі «Абай іліміне» арналған түрлі-түсті үлкен кітап, «Кино медиа» тобы «Он жетінші қара сөз» бойынша фильм ұсынды. Жастар Абайдың қара сөздеріне тереңірек үңіліп, ондағы адамгершілік, ар-ұят, иман, ақыл мен қайрат, білім мен таным мәселелерін талдады. Ақынның философиялық тұжырымдарына сүйене отырып, адам болмысының кемелденуі мен рухани дамуы жайында ой қозғады. Әсіресе, Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидасы кештің мазмұндық өзегіне айналды.
Кештің тағы бір ұтымды жағы – Абай ілімінің мемлекеттік идеологиялық мәні бар екеніне, заманауи тұрғыдан өзектілігіне ерекше назар аударылуы болды. Кеште Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы арнайы талданды. Студенттер мақалада көтерілген өзекті мәселелерді талдап, Абай ілімінің қазіргі қоғамдағы орны мен маңызын саралады. Әсіресе, ұлы ақынның білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық, ұлттық болмысты сақтау, рухани жаңғыру жөніндегі идеялары бүгінгі Қазақстанның даму бағдарымен сабақтастырыла қарастырылды. Сондай-ақ, студенттер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың «Адалдықтың басты жолы – Абайда», «ҚазҰУ-да Абайтану ілімі алғаш рет жүйеленді», Абай институтының директоры, профессор Ж. Дәдебаевтың «Алтыннан ардақты құндылығымыз» және «Қазақ университеті», «Қазақ әдебиеті» т.б. газеттерде жарияланған мақалаларынан үзінділер оқып, өз пікірлерін ортаға салды.
Кеш барысында пәнаралық «Абай ілімі» оқу пәні Қазақ ұлттық университетінде ғана жүргізілетіні және ол ҚазҰУ-дың интеллектуалдық меншігі болып табылатыны атап айтылды. Аталмыш пән ҚазҰУ-да Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу және насихаттау, ел игілігіне айналдыру мақсатындағы жұмыстардың басты бір нәтижесі болып табылады. Университет жанындағы Абай ҒЗИ-да дайындалған «Абай ілімі» оқу пәнінің, оның аясындағы «Абай Кісілік кодексі», «Абай таксономиясының», «Абайтану антологиясының» ғылыми зерттеу өнімі ретінде оқу-тәрбие пәні болып өндіріске енгізілуінің мәні терең, маңызы айрықша екенін аңғартты. «Абай ілімі» пәні бойынша білім алып жүрген студент жастардың осы «АБАЙ ІЛІМІ – БАЛАМАСЫЗ БАЯНДЫ БАЙЛЫҚ» атты танымдық интерактивті кештегі ерекше қызығушылығы мен ынтасы пән маңызын арттыра түсті. Іс-шараның мазмұндық әрі ғылыми-танымдық тұрғыдан өрістеуіне жетекшілік еткен институт ғалымдарының еңбегі айрықша атап өтуге тұрарлық. Атап айтқанда, кештің ұйымдастырылуы мен өту барысына бағыт-бағдар берген ғалымдардың, оқытушылардың кәсіби ұстанымы, ғылыми ізденісі және ұлт руханиятына деген жанашырлығы ерекше көрініс тапты. Абай ғылыми-зерттеу институтының профессорлары Т.Р. Тұяқбай, Л.Ж. Мұсалы, аға оқытушылар Б.Д.Даутова, Г. Ыбырайқызы, Ұ. Байлиева кеш соңында сөз алып, Абай ілімінің өзектілігін тағы бір атап өтіп, студенттерге сәттілік тіледі.
«Абай ілімі – баламасыз баянды байлық» атты тағылымды кеш – ұлы ойшыл мұрасын дәріптеудің ғана емес, оның рухани-танымдық қағидаларын бүгінгі ұрпақтың дүниетанымымен сабақтастырудың жарқын көрінісі болды. Жиырмадан аса студенттік топ қатысқан, университеттің бірнеше факультеті жастарының басын бір арнаға тоғыстырған бұл танымдық кеш Абай ілімінің ауқымдылығы мен өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы
Абай ғылыми-зерттеу институтының
аға оқытушысы Б.Д. Даутова,
филология факультетінің 1 курс студенті
Н. Ұ. Ербол




