Серілік дәстүр мен бард өнерінің тоғысы: Жақсыбек Қалелбек шығармашылығы

Қазақ музыка өнерінде соңғы жылдары мазмұны терең, авторлық бағыттағы шығармаларға тапшылық қатты байқалады. Тыңдарман тек жеңіл әуен емес, жүрекке салмақ салатын, ойға жетелейтін әндерді іздей бастады. Осындай рухани ізденіс кезеңінде өзіндік қолтаңбасымен танылып жүрген өнер иелерінің бірі – Жақсыбек Қалелбек.
Жақсыбектің шығармаларының басты ерекшелігі – оның толыққанды автор болуы. Ол өз әндерінің сөзін де, әуенін де өзі жазып, өзі орындайды. Бұл оның шығармаларына тәншынайылық пен ішкі тұтастық береді. Әрбір туындысында автордың жан дүниесі, ойы мен сезімі анық байқалады. Әндерінің астарында ұлттық нақыш, тарих және қазақы таным көмкерілген.
Мысалы, оның кейінгі туындыларының бірі – Кел қалқа. Бұл шығарма – серілік поэзияның жаңғырығы.
Бұл рухани сабақтастық. Серілік поэзиядағы асқақ махаббат, қолжетпес іңкәрлік, табиғатпен тілдескен сезім бұл туындыда қайта жаңғырып тұрғандай әсер береді. Бұл әнде Ақан серінің мұңы емес, оның рухы сөйлейді. Сондықтан «Кел қалқа» – серілік поэзияның қайта тууы деуге әбден лайық.
Бүгінгі таңда әндер көбіне шоу-бизнес пен тойға бейімделіп жатқан шақта, ойы бар, сөзі салмақты туындылардың сиреп бара жатқаны жасырын емес. Осындай кезеңде қазақ өнерінің үзілерге жақындаған үмітін осындай дара дарын иелері жалғап, жан бітіріп жатса неге қуанбасқа?
«Кел қалқа» – сол жоғалып бара жатқан көңіл назының қайта тірілгеніндей әсер қалдыратын дүние.
«Кел қалқа» – серілік рухтың жаңғырығы
Кел қалқа – Жақсыбектің шығармашылығындағы ең айшықты туындылардың бірі. Бұл ән алғашқы әуенінен-ақ тыңдарманды баурап алып, қазақтың серілік поэзиясымен терең үндеседі.
Ән мәтінінде махаббат сезімі қарапайым суреттелмейді, керісінше асқақ арман, рухани биіктік деңгейіне көтеріледі.
«Биік таудың басына, ай, ұлар қонған-ай,
Сол биікке мен бір жан құмар болған-ай…»
Бұл жолдарда махаббат – қол жетпес биікке ұмтылу, рухтың асқақтығы ретінде бейнеленеді. Табиғат бейнесі сезіммен астасып, лирикалық кейіпкердің ішкі әлемін ашады.
«Өзіңдей жан қайда деп, ай, болдым ғашық-ай,
Серісіне жігіттің сыңар болған-ай…»
Бұл шумақтардан қазақы серілік мінез, кіршіксіз іңкәрлік пен жан үндестігін іздеген көңіл үні естіледі.
Ал мына жолдар өмірдің шынайы болмысын айқын көрсетеді:
«Күндіз естен шықпайсың ай, түнде түстен-ай,
Жете алмадым қу тірлік қолды байлап-ай…»
Мұнда адам арманы мен өмір шындығының арасындағы қайшылық терең философиялық мәнге ие болады.
Осылайша, «Кел қалқа» – тек махаббат әні емес, жастықтың жан күйі, сағыныштың сазы, орындалмаған арманның көркем бейнесі. Бұл туындыдан қазақтың серілік дәстүріне тән рух, әсіресе Ақан сері шығармашылығымен үндестік анық сезіледі. Бұл мәтін көрсеқызарлыққа құрылған жалаң ғашықтықты емес, қазақы сезім мәдениетін көрсетеді.
Табиғат пен ұлттық дүниетаным
Жақсыбек Қалелбек шығармашылығы тек махаббат тақырыбымен шектелмейді. Оның Саралақаз және Ақбөкен, Тарбағатай-барқытбел туындылары табиғат пен ұлттық дүниетанымды терең бейнелеуімен ерекшеленеді.
«Саралақаз» әнінде құс бейнесі арқылы еркіндікке ұмтылған рух, ішкі жалғыздық пен сағыныш сезімі нәзік суреттеледі. Бұл шығармада табиғат тек фон емес, адам жанының айнасы ретінде көрінеді.
Ал «Ақбөкен», «Тарбағатай-барқытбел» әндері – дала рухының көркем бейнесі. Мұнда туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғатқа құрмет және еркіндік идеясы айқын сезіледі. Ақбөкен образы арқылы автор қазақ даласының кеңдігі мен рухани тереңдігін көрсетеді.
Жалпы, Жақсыбек – қазіргі қазақ бард өнерінде өзіндік орны бар, ішкі әлемі терең суреткер. Оның шығармашылығы тек музыкалық өнер емес, ұлттық рухтың, поэтикалық танымның және сезім мәдениетінің көркем жалғасы.
Оның әндерін тыңдау – жай ғана әуен тыңдау емес, адам жанына үңілу, ұлттық болмысты қайта тану, рухани әлеммен қайта қауышу.
ҚР Журналистер одағының,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ақын, жаурналист Әмина АДАЙХАН



